Массагет бәйгесі. Кім жеңімпаз атанады?

Бүгін түнде футболдан Еуропа чемпионатының финалдық кездесуі өтеді. Шешуші ойында чемпиондық атақты Франция мен Португалия құрамалары сарапқа салатын болады. Сондай-ақ бір айға созылған футбол додасымен қатар «Массагет бәйгесі» де өз мәресіне жетеді.

Финалдық кездесуді әлем халқы асыға күтіп отырғаны анық. Қос құрама арасындағы ойынның тартысты болары сөзсіз. Ойын Париждегі «Стад де Франс» стадионында өтеді. Бас қазы қызметін ағылшындық төреші Марк Клаттенбург атқаратын болады.

Франция мен Португалия арасындағы ойында Антуан Гризманн мен Криштиану Роналду арасындағы текетірес те көрініс таппақ. Екі ойыншы осы жылғы Чемпиондар лигасының финалында жолыққан болатын. Ол жолы ойын соңындағы пенальти сериясында Роналду бастаған «Реалдың» асығы алшысынан түскен-ді. Бұл жолы кімнің аты бәйге алар екен? Бұл көпшіліктің көкейінде тұрған сұрақ. Жауабы ойыннан кейін белгілі болары сөзсіз. Ал оған дейінгі жауаптар болжам ғана.

Антуан Гризманн Еуропа чемпионатында өте сәтті өнер көрсетті деуге болады. Осыған дейін 6 гол соғып, бір Еуропа чемпионатында ең көп гол соққан ойыншы ретінде Мишель Платиниден (9 гол) кейінгі екінші ойыншы атанды. Ал Криштиану Роналду 3 гол соғып, Еуропа чемпионаты тарихындағы ең үздік сұрмерген Мишель Платиниді қуып жетті. Финалда гол соқса, рекорд орнататын болады.

Португалия құрамасының жартылай финалға дейін жетуіне таңданыстарын жасыра алмағандар көп болды. Бірі – сәттілік серік болды десе, бірі – спорттың бір сыры ретінде пікір білдірді. Ал жартылай финалда Уэльсты айқын жеңгеннен кейін, португалдықтардың финалға лайықты екенін мойындағандар да болды. Дегенмен шешуші ойында Роналду бастаған жігіттер фаворит саналып отырған жоқ.

Букмекерлік орталықтар Португалия құрамасының жеңісіне – 4,39, тең ойынға – 3,2, француздардың жеңісіне 2,08 коэффициент беріп отыр.

Финалдық ойын алдында қос құрама құрамы да дайын. Жарақат алған ойыншылар жоқ. Португалия құрамасы сапында Пепе жартылай финалда ойнамағанмен, финалда ойнай алатынына бек сенімді.

Франция құрамасы «Стад де Франс» стадионында бір рет ірі жетістігін бағындырып үлгерген. 1998 жылы дәл осы стадионда Бразилия құрамасын 3:0 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанған болатын. Ал оған дейін өз жерінде өткен (1984 жылы) Еуропа чемпионатында да топ жарған болатын. Статистикаға көз жүгіртсек, француздар Еуропа чемпионатының өз алаңында өткізген соңғы 18 ойынында жеңілмеген.

Франция мен Португалия құрамалары өз тарихтарында өзара 24 кездесу өткізген. Оның 18-де француздар жеңіске жеткен. Небәрі 5-де ғана португалдықтар ұтса, 1 ойын тең аяқталған. Соңғы 10 ойында француздардың мысы басым болған.

Астана уақытымен түнгі сағат 00:50-де басталатын ойынды тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионаты қарсаңында Массагет порталы арнайы бәйге ұйымдастырған болатын. Финалдық ойыннан кейін жарыс жеңімпаздары анықталатын болады. Дегенмен жарыс барысындағы кей қателіктерді ескере отырып, қатысушылар нәтижесін қайта сараптайтын боламыз. Жеңімпаз атанған қатысушылар бір апта көлемінде анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Ескерту: егер бәйге жеңімпаздарының ұпайы жарыс қорытындысында тең болған жағдайда, олар 1 мен 20 аралығындағы кез келген бір санды өздері таңдап, ол жөнінде сайт әкімшілігін хабардар етуі тиіс. Одан соң бәйгені ұйымдастырушылар randstuff.ru сервисі арқылы жеңімпазды кездейсоқ таңдаумен анықтайтын болады.