Португалия құрамасы Еуропа чемпионатының финалына шықты

Еуропа чемпионатының жартылай финалында Уэльс құрамасымен кездескен португалдықтар 2-0 есебімен жеңіске жетіп, доданың финалына жолдама алды.

"Стад де Лион" стадионында өткен ойынның бірінші таймы қос құраманың бірін-бірі зерттеуімен өтті. Алғашқы 45 минутта қақпаға бар-жоғы бір ғана соққы жасаған екі команда да алға ұмтылып тәуекелге бармауды жөн санағандай. Нәтижесінде кездесудің бұл бөлігінде есеп ашылмады. 0-0.

Ал екінші тайм, керісінше, қызыққа толы болды. 50-минутта бұрыштама добын қақпаға дәл бағыттай алған Криштиану Роналду ойындағы алғашқы голды соқса, араға 3 минут салып Нани екінші голдың авторы атанды. Қатарынан екі гол жіберіп, ойындарын жоғалтып алған Уэльс жігіттері уақыт өте есепті теңестіру үшін алға ұмтылды. Алайда олардың соққылары қақпаға дарымады. Есеп ойын соңына дейін 2-0 күйінше қалды.

Португалия құрамасы осымен екінші мәрте Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр. Олардың қарсыласы бүгін Франция мен Германия арасындағы ойында белгілі болады.