Массагет бәйгесі. Жеңісті болжам жасауға асығыңыз

Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Жасыл алаңда бір-біріне қарсылас атанып, жеңген құрамалар бүгінде 1/4 топ ойындарына жолдама алды. Ал, биылғы чемпионатта фаворит саналып, алайда 1/8 топтық кезеңде жарыс жолынан шығып қалған Испания мен Англия құрамалары жеңілген командалардың көшін бастап Отандарына қарай кері бұрылды. Сонымен ел сенімін ақтап келе жатқан 1/4 топтық кезеңнің 8 командасы бүгіннен бастап жасыл алаңдағы жеңіс үшін шайқасты қайта бастамақ. Алғашқы ойын Польша мен Португалия арасында өтеді. 

Польша – Португалия

Францияның Марсель қаласындағы "Велодром" стадионында еуропа чемпионаты 1/4 финалдық кезеңінің алғашқы ойыны басталады. Жасыл алаңға шығатын Польша мен Португалия құрамалары келесі турдың жолдамасын сарапқа салатын болады. Еуропа чемпионатының 1/4 финал ойындарында Португалия құрамасы алтыншы рет өз бағын сынап көрсе, Польша құрамасы алғаш рет осындай дәрежеге жеткен екен.  Роналду мен Нанидың жұбы бірігіп ойын көрсетсе жеңіске жетуі мүмкін. Бүгінгі ойынның фавориті ретінде Португалия құрамасы есептелуде. Алайда, аталған команданың орнықпаған ойыны сенімсіздік сыйлайтыны да жасырын емес. Ал поляктарға келер болсақ, Левандовский бастаған мықтылар бұл жолы да тегеурінді қарсыластық танытып, шама келсе шалып құлатуды көздеп отыр.

Аталған ойынға букмекерлік орталықтарында Польша құрамасының жеңісіне – 3.84, тең ойынға – 3.00, Португалияның жеңісіне – 2.35 коэффициент беріп отыр.