Испания мен Англия Еуропа чемпионатынан шығып қалды (видео)

Испания мен Англия Еуропа чемпионатынан шығып қалды (видео)
Фото: sport.news.am

Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының басты фавориттерінің бірі саналған Испания мен Англия құрамалары жарыс жолынан шығып қалды.

Соңғы екі Еуропа чемпионатында жеңіс түғырынан көрініп келген «қызыл фурия» 1/8 финалда Италия құрамасына есе жіберді. Ойындағы есеп 33 минутта ашылды. Джорджио Кьелини «скуадра адзурраны» алға шығарды. Ал ойын аяқталар тұста Пелле италиялықтардың екінші голын соғып, ойын тағдырын түбегейлі шешті.

Әйгілі футболшы Пеле фаворит санаған Англия құрамасы да Еуропа чемпионатын ерте аяқтады. Топтық кезеңде Қазақстанмен бірге ойнаған Исландия құрамасы ағылшындарды аяқтан шалды. Англия құрамасы 4 минутта пенальтиден Руни соққан голдан кейін алға шықты. Алайда исландиялық футболшылар қайсар мінез танытты. 6 минутта Р. Сигурдссон таразы басын теңестірсе, 18 минутта Сигторссон Джо Харт қақпасына екінші голды тоғытты. Нәтижесінде ойын соңына дейін осы есеп сақталып, Исландия құрамасы ширек финалға шықты. Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне алғаш қатысып отырған құрама үшін бұл – үлкен жетістік.

Ширек финалға шыққан барлық құрамалар белгілі болды. Италия бұл кезеңде Германиямен, Исландия Франция құрамасымен кездеседі. Сондай-ақ Польша мен Португалия, Уэльс пен Бельгия құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салатын болады.

Ө. Сансызбай