Уэльс пен Англия құрамалары келесі кезеңге өтті

Уэльс пен Англия құрамалары келесі кезеңге өтті
Фото: eurosport.com

Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының кезекті ойындары өз мәресіне жетті. "B" тобындағы төрт команда да келесі кезеңге өту мүмкіндігі болған еді. Ол мүмкіндіктерін Уэльс пен Англия құрамалары жақсы пайдалана алды.

Тулузадағы "Стадиум де Тулуз" стадионында ресейліктермен кездескен Уэльс құрамасы 3-0 есебімен жеңіске жетті. Ойында гол соққан Аарон Рэмзи, Нил Тэйлор мен Гарет Бэйл болды. Алғашқы екі гол Ресей құрамасының орталықтағы қателігінен кейін, ал үшінші гол Аарон Рэмзидің "Реал Мадрид" шабуылшысына шығарған әдемі пасынан кейін соғылды.

Бұл ойынмен қатар өткен Англия мен Словакия құрамаларының арасындағы ойында есеп ашылмады. Ағылшындар қанша шабуылдаса да, словактар сәтті қорғана білді. Есеп 0-0.

Нәтижесінде Уэльс құрамасы 6 ұпаймен көш бастап, келесі кезеңге жолдама алды. Екінші орынға 5 ұпай алған ағылшындар жайғасты. Олар да 1/8 финалда өнер көрсетеді. 4 ұпаймен үшінші орын алған словактар болса, келесі кезеңге өту-өтпеу туралы шешімді күтпек. Өйткені жаңа ереже бойынша, топтарында үшінші орын алған 4 үздік команда флэй-оффта ойнау мүмкіндігін алады. Ал 1 ұпайы бар Ресей бұл чемпионатты аяқтады.

Y. Almabek