Cловакия Ресей құрамасын сан соқтырып кетті (видео)

Cловакия Ресей құрамасын сан соқтырып кетті (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші ойындар басталды. Словакия құрамасы Лилльде өткен ойында Ресей құрамасын 2:1 есебімен ұтты.

Ресей құрамасы ойынды ширақ бастағанмен, жеңіске бастар жолды таба алмады. 28 минутта Федор Смоловтың тепкен добы қақпадан биік кетті. Араға 4 минут сала Владимир Вайсс ресейліктердің бірнеше қорғаушыларынан айласын асырып, ойындағы есепті ашты. Алматының «Қайрат» клубын жаттықтырған Владимир Вайсстың ұлы гол соғып қана қоймай, Еуропа чемпионаты тарихында өз атын қалдырды да.

Ол дода тарихында еуропалық клубтардан өзге құрлық біріншілігінде өнер көрсететін ойыншылар арасында алғашқылардың бірі болып гол соқты. Владимир Вайсс Катардың «Әл-Гарафа» клубында ойнайды. Ал әкесі Грузия құрамасын жаттықтырып жүр.

Бірінші тайм аяқталар тұста Марек Гамшик ойындағы екінші голды соқты. Оның жойқын соққысын Игорь Акинфеев қайтара алған жоқ.

Екінші таймда ресейліктер алға ұмтылғанмен, есепті жылдам қысқарта алмады. 84 минутта барып қана Олег Шатовтың асырған пасын Денис Глушаков голға айналдыра алды. Нәтижесінде осы есеп сақталып қалды.

Айта кетейік, бүгін Ресей мен Словакиядан өзге «А» тобында Румыния мен Швейцария, Франция мен Албания құрамалары арасындағы ойын өтеді.

О. Сансызбай