Испания Еуропа чемпионатын жеңіспен бастады (видео)

Испания Еуропа чемпионатын жеңіспен бастады (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Испания құрамасын Еуропа чемпионатын жеңіспен бастады. Олар топтағы алғашқы ойында Чехия құрамасын ұтты.

Соңғы екі Еуропа чемпионатында да жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқан «қызыл фурия» чехтарды оңай ұта алған жоқ. Бірінші таймда Чехия құрамасының қорғанысы сыр берген жоқ. Әсіресе Петр Чех командасын бірнеше сәтте голдан құтқарып қала білді.

Екінші таймда испандықтармен қатар чехтардың да есеп ашуға бірнеше мүмкіндігі болды. 66 минутта Испания құрамасын Сеск Фабрегас голдан құтқарып қалды. Одан кейінгі аралықта «қызыл фурияның» шабуылы ширай түсті. 71 минутта Хорди Альба қақпашымен бетпе-бет шығып гол соға алмаса, Давид Сильва мен Арис Адурустің соққылары да қауіпті шықты.

Испандықтарға жеңіс сыйлаған голды 87 минутта Жерар Пике соқты. Каталондық «Барселонаның» қорғаушысы командаласы Андреас Иньестаның асырған добын Петр Чех қақпасына баспен тоғытты.

Испания – Чехия кездесуінің ең үздік ойыншысы болып Андреас Иньеста танылды.

Айта кетейік, бүгін тағы да екі ойын өтеді. Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де Ирландия мен Швеция, түнгі сағат 01:00-де Бельгия мен Италия құрамалары кездеседі. 

Осыған дейін жарияланған massaget.kz сайтының болжамдар бәйгесінде Испания мен Чехия арасындағы ойынның дәл нәтижесін 16 қатысушы дәл тапқан.

Ө. Сансызбай