Еуропа чемпионатына қатысатын ең егде 10 ойыншы

Еуропа чемпионатына қатысатын ең егде 10 ойыншы
Фото: google.kz

Бірнеше күннен кейін футболсүйер асыға күткен Еуропа чемпионаты да басталады. Бір айға созылатын дүбірлі дода туралы жазылар жаңалықтар мен айтылар ақпараттар көп болмақ. Ал біз Еуропа чемпионаты басталғанша қызықты деректер туралы айта отырайық. Олай болса Франциядағы футбол додасына қатысатын ең егде 10 ойыншыны таныстыра кетейік. Олардың қатарында Алматының «Қайрат» клубында ойнайтын, Қазақстан премьер-лигасынан Еуропа чемпионатына қатысатын жалғыз ойыншы Анатолий Тимощук те бар.

10. Вячеслав Шевчук (Украина)

Туған жылы: 13.05.1979

Украина құрамасының қорғаушысы донецкілік «Шахтер» сапында негізгі құрамда көп ойнамағанмен, ұлттық құрамада сәтті өнер көрсетіп жүр. 37 жастағы ардагер ойыншы командадағы белді тұлғалардың бірі. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі барлық ойындарға қатысты.

9. Золтан Гера (Венгрия)

Туған жылы: 22.04.1979

Венгрия құрамасының жартылай қорғаушысы осыған дейін Англияның «Вест Бромбич», «Фулхэм» клубтарында ойнаған. Тәжірибелі ойыншы 2014 жылы отанына оралып, «Ференцварош» клубымен келісімшартқа қол қойды. Ұлттық құрамада да негізгі орнын жоғалтқан жоқ. Іріктеу кезеңінде 9 ойынға қатысты.

8. Анатолий Тимощук (Украина)

Туған жылы: 30.03.1979

Алматының «Қайрат» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы Украина құрамасының негізгі құрамында емес. Дегенмен ұлттық құрамада ең көп ойын өткізген футболшылардың көшін бастап келеді. Франция жеріндегі Еуропа чемпионатынан кейін ұлттық құрамадағы мансабын аяқтары даусыз. 37 жастағы Анатолий Тимощук ұлттық құрамамен доданың плей-офф кезеңіне шығып, абыроймен қоштасуды мақсат тұтып отыр.

7. Эйдур Гудьонсен (Исландия)

Туған жылы: 15.09.1978

Исландия футболының аңыз ойыншысы да Франциядағы Еуропа чемпионатына қатысады. 2014 жылғы әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағысы келген шабуылшы кейіннен бұл шешімінен бас тартты. Еуропа чемпионатынан кейін барып командадан кетуді жоспарлап отыр. Кезінде лондондық «Челси» мен каталондық «Барселона» сынды алпауыт ұжымдардың сапында ойнаған Эйдур Гудьонсен негізгі құрамда ойнамаса да, жаттықтырушы ойыншының алаңға шығуына мүмкіндік берері сөзсіз. Ал іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасына қарсы ойнап, гол соқты да.

6. Рикарду Карвалью (Португалия)

Туған жылы: 18.05.1978

Португалия құрамасының қорғаушысы 38 жасқа келсе де, тың ойыншылардың бірі. Осы маусымда «Монако» сапында 33 ойынға қатысып, 2 гол соққан. «Челси» мен «Реал» клубтарында ойнаған қорғаушыға аздап жылдамдық жетіспейді демесеңіз, әйтпесе тәжірибелі ойыншылардың бірі. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде 6 ойынға қатысып, 1 гол соқты.

5. Джанлуиджи Буффон (Италия)

Туған жылы: 28.01.1978

Италия құрамасының қақпашысы 38 жасқа келсе де, әлемнің үздік қақпашыларының бірі. Буффон Франциядағы Еуропа чемпионатынан кейін 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысуды да мақсат тұтып жүрген ойыншылардың бірі. Осы маусымда Италия ның «А» сериясында «Ювентуспен» негізгі құрамда 35 ойынға қатысып, өз қақпасына 17 гол ғана өткізген.

4. Рой Кэрролл (Солтүстік Ирландия)

Туған жылы: 30.09.1977

Солтүстік Ирландия құрамасы өз тарихында Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқалы отыр. Кмоманда құрамындағы қақпашы Рой Кэрролл тәжірибелі болғанмен, шау тартқаны белгілі. Сондықтан да кезінде «Манчестер Юнайтед» сапында тер төккен қақпашыны негізгі құрамда көруіміз екіталай.

3. Оргес Шехи (Албания)

Туған жылы: 25.09.1977

Албания құрамасы да Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқалы жатыр. Ал қақпашы Оргес Шехи командадағы ғана емес, бүткіл турнирдегі ең егде ойыншылардың үштігіне еніп отыр. Оргес бүкіл спорттық мансабын өз еліндегі клубтарда ойнап өткізген. Негізгі құрам қақпашысы емес. Сондай-ақ, ең егде ойыншылардың бірі ғана емес, қақпашының бойы да аласа (182 см) екен.

2. Шей Гивен (Ирландия)

Туған жылы: 20.04.1976

Ирландия құрамасының қақпашысы командада 20 жылдан бері ойнап келеді. Жасы 40-тан асса да әлі команда құрамында ойнап жүр. Іріктеу кезеңінде 5 ойынға қатысып, 2 гол соқтырып алды. Ал «Сток Сити» клубының қосалқы құрамында болып, соңғы турларда ғана ойынға қатысты.

1. Габор Кирай (Венгрия)

Туған жылы: 01.04.1976

Шалбар киіп жасыл алаңға шығатын әйгілі Венгрия құрамасының қақпашысы 40 жасқа келсе де әлі спорттық бабында. Мажар елінің мақтанышы десек те болады. Франциядағы додада ең егде футболшы негізгі құрамда ойнайтын болады.

УЕФА-ның 35 жастан асқан символикалық құрамына төмендегі ойыншылар еніп отыр. Олардың қатарында «Қайрат» жартылай қорғаушысы Анатолий Тимощук те бар.

Символикалық құрамға еніп, ал жоғарыдағы ондықта есімі аталмаған ойыншылардың жасы кішілеу екенін ескертеміз.

Ө. Сансызбай