Еуропа чемпионатына қатыспайтын танымал 15 футболшы

Еуропа чемпионатына қатыспайтын танымал 15 футболшы
Фото: eurosport.ru

Футболшылар үшін ұлттық құрама сапында ойнау – үлкен мәртебе. Ал ірі жарыстарға қатысу – асқан бақыт деуге болады.

Алайда барлық ойыншыларға ұлттық құрама сапында әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты немесе құрлықтық ірі додаларға қатысу бақыты бұйыра бермейді. Бірі – жарыс жақындағанда жарақат алып қалса, енді бірі командадағы бәсекелестікте жеңіліс тауып жатады. Енді бірі кезегін күтсе, енді бірі жаттықтырушылармен шығыса алмайды. Осы орайда алда келе жатқан Еуропа чемпионатына қатыса алмайтын танымал футболшылар туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Марко Верратти

Италия құрамасының жартылай қорғаушысы жарақатына байланысты Еуропа чемпионатына қатыса алмайтын болды. Қазіргі таңда ойыншы жарақатына ота жасатқан. Командасына сырттай қолдау білдіретін болады.

Андреа Пирло

Танымал италиялық жартылай қорғаушы ұлттық құрамаға шақырту алмай қалды. АҚШ-та доп теуіп жүрген футболшыны Антонио Конте Францияға баратын ойыншылар тізіміне қоспаған. Бас жаттықтырушы айып добының хас шеберін шау тартқан ойыншы деп есептейді.

Марио Балотелли

2012 жылы Италия құрамасын алға сүйреген шабуылшы бұл Еуропа чемпионатына қатыспайды. Қатыспайтыны әу бастан-ақ белгілі болатын. Себебі ойыншы соңғы маусымдарда бабын жоғалтқаны анық.

Диего Коста

Бразилия ұлттық құрамасында ойнаудан бас тартып, Испания азаматтығын алған Диего Коста Еуропа чемпионатына қатыспайды. Кей жанкүйерлер «қызыл фурияның» 2014 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздігін осы ойыншымен байланыстырып жатады. Дегенмен «Челси» шабуылшысы Францияға баратын тізімге жарақатына байланысты ілікпеді.

Фернандо Торрес

Шешуші ойындарда гол соғатын шабуылшыға Еуропа чемпионатына бару жайлы шақырту келмеді. Ойыншы да бұл жаңалықты салқынқанды қабылдады. Себебі команда ішіндегі бәсекелестікте өзге шабуылшылардан бір бәс төмен болғанын мойындағандай сыңай танытып, құрамаға сәттілік тіледі.

Хуан Мата

Испания құрамасының танымал ойыншыларының бірі Хуан Мата да Еуропа чемпионатына қатыспайды. Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубында өнер көрсететін ойыншы команда ішіндегі бәсекелестікте әріптестеріне жол берген.

Карим Бензема

Өз елінде өтетін Еуропа чемпионатында командасын алға сүйрейді деп күтілген Карим Бензема да бұл додаға қатыспайды. Вальвуэнамен арадағы кикілжіңнен (ақша бопсалау) кейін мадридтік «Реал» шабуылшысының жағдайы қиындады. Нәтижесінде Франция футбол қауымдастығы ойыншыны ұлттық құрамадан шеттетті.

Рафаэль Варан

Франция ұлттық құрамасының танымал қорғаушысы Рафаэль Варан да өз еліндегі додаға қатыса алмайтын болды. Ойыншы жамбасынан жарақат алған.

Мамаду Сако

Қорғаушы Франция құрамасы сапында Еуропа чемпионатына анық қатысатын ойыншылардың бірі болатын. Алайда допинг дауына іліккеннен кейін ұлттық құрамаға шақырту алмай қалды. Мамаду Саконың допинг қолданбағаны дәлелденгенмен, бас жаттықтырушы Дидье Дешам өз шешімін өзгерткен жоқ.

Алан Дзагоев

Ресейлік жанкүйерлер үміт артқан шабуылшылардың бірі – Алан Дзагоев еді. 2012 жылғы Еуропа чемпионатындағы үздік сұрмергендердің бірі болған ойыншы жарақатына байланысты ұлттық құрамадан тыс қалды.

Марко Ройс

Аты әлемге танылып үлгерген футболшы болғанмен, Германия құрамасы сапында жасындай жарқылдай алмаған ойыншылардың бірі – Марко Ройс. 2014 жылы әлем чемпионатына санаулы күндер қалғанда ауыр жарақат алып, мундиальдан қол үзген еді. Ал немістер Бразилиядағы додада топ жарған-ды. Ал биылғы Еуропа чемпионатына да аз уақыт қалғанда жарақатына байланысты ұлттық құраманың тізіміне енбей қалды.

Даниэль Карвахаль

Испания ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Висенте дель Воске мадридтік «Реал» ойыншысын жоғары бағалайды. Аздаған жарақаты болса да Даниэль Карвахальды соңғы сәттерге дейін күтті. Алайда Чемпиондар лигасының финалындағы жарақатынан кейін, оң қапталда өнер көрсететін қорғаушының орнына «Арсеналдан» Эктер Беллеринді шақырды.

Венсан Компани

Бельгия құрамасының тәжірибелі қорғаушысы да Еуропа чемпионатынан тыс қалып отыр. Ол бұл маусымда жарақатына байланысты сәтті өнер көрсете алмады.

Деян Ловрен

Ағылшындық «Ливерпульде» ойнайтын қорғаушы Деян Ловрен де Еуропа чемпионатына бармайды. Хорватия құрамасының бас жаттықтырушысы Анте Чачичпен арадағы кикілжіңнен кейін ойыншы ұлттық құрамаға шақырту алмаған.

Кевин Гамейро

Еуропа лигасын жеңіп алған «Севильяның» үздік сұрмергені Кевин Гамейро да Франция құрамасына шақырту алмады. Дидье Дешам оның орнына Мексика біріншілігінде ойнайтын Андре-Пьер Жиньякты шақыртқан.

Ө. Сансызбай