Қайрат Нұрдәулетов: «Біз намысқа тырысамыз!»

Қайрат Нұрдәулетов: «Біз намысқа тырысамыз!»

Бүгін түнде «Астана-Арена» жанкүйерлерге лық толмақ. Көрермендердің алды күн бата стадионға ағыла бастады. Қазақстан-Германия матчына билеттердің барлығы сатылып кеткен. Жауапты кездесуге футболшыларымыз да тас-түйін дайын. Тап осы ойын алдында Ұлттық құраманың капитаны "Массагет.кз" порталының тілшісіне сұхбат берген болатын.

- Қайрат, өзің команда капитанысың. Алдағы жауапты ойында құрама алдында қандай тапсырма жүктелді?

- Біріншіден жақсы ойын көрсету. Бәрі түсінетін шығар, бұл ойында Германия фаворит екенін. Сондықтан біз намысқа тырысамыз, қолдан келгенін істейміз. Германиямен жеңіліп қаламыз деп шықпаймыз. Жақсы ойын көрсетуге тырысамыз.

- Жанкүйерлердің ойында бір үміт, бір күдік бар. Сол күдікті жоюға мүмкіндік бар ма?

- Мүмкіндік бар, неге жоқ болу керек? Футболда бәрі болады ғой! Алаңға шыққаннан кейін, бәрі болуы мүмкін. Кім біледі, жеңіп кетуіміз де ғажап емес. Тең ойнауымыз да мүмкін. Сондықтан бәрін күтуге болады менің ойымша.

- Біздің команданың өзіндік артықшылықтары бар шығар. Мәселен, жасанды алаңда ойнаймыз, жасанды шөпте. Сол тұрғыдан алғанда, жылдамдықта алдын орап кетуге бола ма немістердің?

- Меніңше, болатын сияқты. Олар мұндай алаңда ойнап көрген жоқ. Екіншіден, кішкене менсінбей шығуы мүмкін. Бірақ, Германия құрамасы олай ойнамайды. Қазақстан болсын, Испания болсын, Франция болсын олар бірқалыпты ойын көрсетеді.

- Өзің енді көбіне қорғанысқа жауаптысың. Немістердің жартылай қорғанысы мен шабуыл шебі өте мықты. Гомес, Подольский, Мюллер бар. Солардың қарқындарын тежеу үшін қандай қадамдарға бару керек?

- Енді олармен бірге-бір ойнау қиын. Сондықтан, қорғаныста бір-бірімізге көмектеспесек қиын. Біз енді 80 пайыз артта, яғни қорғаныста ойнайтын шығармыз. 80-де көп болуы мүмкін. Бірге бір емес, бір ойыншыға екі ойыншыдан барып тоқтатуымыз керек. Бізге көп қимылдау қажет.

- Біздің футболшылардың гол соғуға шама-шарқы жетеді. Жамбыл Көкеев ағылшындарға, Ұлан Қонысбаев түріктерге, өзің  Ирландия қақпасына гол соқтың. Ендіге жерде неге немістерге гол соқпасқа деген ой келеді...

- Неге соқпасқа, соғамыз. Жанкүйерлер қолдау көрсетсе... 

- Сұхбатыңызға рахмет, алдағы ойында сәттілік тілейміз! 

 

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

сурет: sports.kz

Б. Қосмағамбет