Сами Хедира Қазақстанға қарсы матчқа қатыса алмайтын болды

Сами Хедира Қазақстанға қарсы матчқа қатыса алмайтын болды

Мадридтік "Реал" клубы мен Германия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Сами Хедира футболдан 2014 жылы болатын әлем біріншілігіне іріктеу аясында Қазақстанға қарсы өтетін матчқа командалық дайындық кезінде жарақат алып қалды.  

25 жасар ойыншы тізе жарақатының кесірінен дайындықты уақытынан бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Осы оқиғадан кейін дәрігерлер оны бірден ауруханаға алып кеткен көрінеді. 

Одан бөлек, еліміздің бас командасына қарсы матчқа Германия құрамасына Ларс Бендер мен Тони Кроос көмектесе алмайды. Ал шабуылшы Лукаш Подольски мен хавбек Бастиан Швайнштайгер командалық жаттығуға ертең кіріспекші. 

Қазіргі кезде Германия ұлттық құрамасы С тобында төрт матчта 10 ұпай жинап, көш бастап тұр. Командалардың алғашқы ойыны 22-наурыз күні Астананың бас стадионында жергілікті уақытпен түңгі сағат 00:00-де басталады. Ал қарымта ойын төрт күннен соң, 26-наурызда Германияның Нюрнбергінде өтеді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sovsport.ru

Б. Қосмағамбет