Дэвид Бекхэм әлемнің ең бай футболшысы атанды

Дэвид Бекхэм әлемнің ең бай футболшысы атанды

Францияның "Пари Сен-Жермен"  командасының намысын қорғап жүрген  Дэвид Бекхэм Goal.com. порталының нұсқасы бойынша, әлемнің ең бай футболшыларының көшін бастап отыр.

Англия құрамасының экс-капитанының жалпы байлығы 261 миллион долларға тең келеді екен. Бекхэм өзінің табысының басым көпшілігін жарнамалық роликтерге түсу және Лондон Олимпиадасының ресми өкілі болу арқылы тапқан. Дегенмен, ол қазіргі таңда өнер көрсететін «ПСЖ» командасындағы айлығының барлығын қайырымдылық қорға салып тұрады.

Бұл тізімде екінші орын «Барселонаның» шабуылшысы Леонель Мессиге бұйырыпты. Аргентиналық шабуылшы өткен жылы өзінің есеп-шотын 172 миллион долларға көбейткен. Үшінші сатыда мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Криштиану Роналду. Ол өткен жылы 167 миллион доллар көлемінде пайда тапқан.

Төртінші сатыда Роналдудың командаласы Кака орналасыпты. 2005 жылғы «Алтын доптың» иегері өткен маусымда футбол алаңына көп шықпаса да, жарнамалық роликтер арқылы 99 миллион доллар көлемінде әмиянын толтырған. Үздік бестікті тағы да бір Бразилия құрамасының шабуылшысы Роналдиньо қорытындылап тұр. "Атлетико Минейро" командасының шабуылшысы 94 миллион доллар пайда тапқан екен.

ВВС агенттігінің айтуынша, бұл тізімді жасағанда футболшылардың айлығын, қосымша сый ақысын, жарнамалық келісім-шарттарын және түрлі активтерін есептеген екен. Дегенмен, Goal.com сайтында әрбір ойыншының жеке есеп-шотында қанша ақша бар екені туралы нақты ақпар жоқ. Сондықтан кейбір ойыншылардың жылдың табысы біз көрсеткеннен артық не кем болуы әбден мүмкін.

Goal.com сайтының нұсқасы бойынша, әлемнің ең бай 10 футболшысы:
1. Дэвид Бекхэм (ПСЖ) - 261 миллион доллар,
2. Лионель Месси ("Барселона") - 172 миллион доллар,
3. Криштиану Роналду ("Реал") - 167 миллион доллар,
4. Кака ("Реал") - 99 миллион доллар,
5. Роналдиньо ("Атлетико Минейро") - 94 миллион доллар,
6. Самюэль Это'О "(Анжи")- 78 миллион доллар,
7. Уэйн Руни ("Манчестер Юнайтед") - 74,5 миллион доллар,
8. Златан Ибрагимович (ПСЖ) - 70 миллион  доллар,
9. Ривалдо ("Сан-Каэтано") - 68 миллион доллар,
10. Рио Фердинанд ("Манчестер Юнайтед") - 63 миллион доллар.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz 

Ю. НИКУЛЛИН