Чемпиондар Лигасы. "Арсенал" - "Бавария" - 1:3

Чемпиондар Лигасы. "Арсенал" - "Бавария" - 1:3

Кеше чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өткен матчта лондондық "Арсенал" мен мюнхендік "Бавария" өзара мықтыны анықтады. Алғашқы матч "зеңбірекшілер" алаңында өтті. Бірақ бұл ойында Арсен Венгер шәкіртеріне өз жанкүйерлерінің қолдауы ешқандай көмек көрсете алмады. Матч қорытындысында бавариялықтар 1:3 есебімен жеңіске жетті.   

Сонымен, ойындағы алғашқы есепті  7-минутта "Бавария" сапынан Тони Кроос тіркеді. Қонақтар осы есеппен тоқтап қалған жоқ. 21-минутта "Арсенал" қақпасының алдындағы қарбаласты ұтымды пайдаланған Томас Мюллер есепті еселеді. Осылайша таблода тіркелген 0:2 есебі бірінші тайм аяқталғанша сақталып тұрды.

15 минуттық үзілістен соң, қонақтар жаңа леппен шабуылға шықты. Қақпаға бірнеше мәрте соққы бағыттаған лондондықтар ақыры дегендеріне жетті. Алаң иелерінің ойындағы алғашқы голы 55-минутта орын алды. Голдың авторы неміс Лукаш Подольски.  

Алайда, "Арсенал" ойыншыларының тым болмағанда есепті теңестіреміз деген үміттері матчтың 77-минутында үзілді. Себебі осы кезде "Бавария" Марио Манджукич көмегімен ойындағы ақырғы нәтижені белгілеген еді.  

Енді қарымта кездесу 14 наурызда "Бавария" жерінде өтеді

Чемпиондар Лигасы. 1/8 финал. Алғашқы матч

19 ақпан. Лондон. "Эмирейтс" стадионы
Төреші - Свейн Моэн (Норвегия)

Арсенал (Англия) - Бавария (Германия) - 1:3 (0:2). 

Голдар: Кроос, 7 (0:1). Мюллер, 21 (0:2). Подольски, 55 (1:2). Манджукич, 77 (1:3).

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: infosmi.net

Б. Қосмағамбет