Еуропа футбол базарынан

Еуропа футбол базарынан

Марио Балотелли «Миланға» ауысуы мүмкін. Давид Вилья «Барселонадан» кетеді. Ал Фернандо Льоренте «Ювентуспен» келісім-шартқа келді. Міне, Еуропа жеріндегі бүгінгі күндегі басты футбол жаңалықтары осындай.

Осы аптаның аяғында, Марио Балотелли италияндық «Милан» командасына ауысуы мүмкін. The Guardian басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні италиялық команданың басшылары «Манчестер Ситимен» ойыншының трансфері туралы келісім жасауға келген екен.

«Миланның» вице-президенті Адриано Галлианидің Gazzetta dello Sport басылымына берген мәліметінде «МС» командасы  Балотеллиді 37 миллион еуроға сататынын айтыпты. Ал италяндық клуб ойыншы үшін тек 28,5 миллион еуроға шығындалуға даяр.

Уэсли Снейдер «Интерден» кетті. Голландиялық жартылай қорғаушы енді өзінің спорттық мансабын түріктің «Галатасарайында» жалғастыратын болады. Келісім-шарттың нақты қанша мерзімге екені әлі де белгісіз. Бірақ, италиялық баспасөздердің айтуынша, Снейдер енді өзінің қалған спорттық ғұмырын түрік жерінде өткізуі ғажап емес.

Айта кетейік, жартылай қорғаушы «Интер» сапында 116 кездесуге қатысып, 22 голдың авторы атанған.

Тағы бір Италиялық команда «Ювентус» жуық арада Испания құрамасы мен «Атлетик» командасының шабуылшысы Фернандо Льорентені өз қатарларына қосуы мүмкін. Шартнама төрт жылға келісілген. Трансфердің құны 3 немесе 4 миллион еуроға бағаланып отыр. Келісім-шарт бойынша, шабуылшы жаңа командасынан 4,5 миллион еуро пайда табатын көрінеді.

Хосеп Гвардиола әлі ресми түрде «Баварияның» бас бапкерлік міндетіне кіріскен жоқ. Дегенмен, ол жаңа командасының басшыларының алдына тапсырма да беріп үлгерген екен. Hurriyet басылымының айтуынша, испандық маман мюнхендік команданың сапынан «Атлетико» клубының жартылай қорғаушысы Арда Тұранды көргісі келетіндігін айтады. Егер қос тарап келісімге келіп жатса, немістер мадридтік командаға 17 миллион еуро төлейді екен.

Ал Гвардиоланың бұрынғы командасы «Барселона» жақын арада Давид Вильямен қоштасатын секілді. Ойыншы өткен аптада команданың бас бапкері Тито Вилановамен кездесіп, командадан кететіні туралы ашық айтыпты. Бұған себеп ретінде, шабуылшы «Барселона» сапында алаңға сирек шығатынын айтады. Егер «Барселона» командасы Давид Вильяның командадан кетуіне рұқсат берсе, онда шабуылшы ағылшын біріншілігіндегі командалардың қатарына қосылатын шығар.

 

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: eurosport.ru

Ю. НИКУЛЛИН