«Алтын доп» тағы да Мессиде!

«Алтын доп» тағы да Мессиде!

Аргентина құрамасы мен каталондық «Барселона» командасының шабуылшысы Лионел Месси 2012 жылдың қорытындысы бойынша «Алтын доптың» иегері атанды.

Ұлттық құраманың бас бапкері, капитаны және белді тілшілерінің арасындағы дауыс беру қорытындысы бойынша 25 жасар ойыншы өзінің командаласы Андрес Иньеста мен «Реал» командасы мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдудан озды. 2012 жылы Месси «Барселонамен» бірге Испания кубогын жеңді. Сонымен қатар 91 нәтижелі соққысымен 1972 жылы Герд Мюллер 82 гол соғып орнатқан рекордтың мұртын бұзды. Футбол тарихын парақтасаңыз «Алтын допты» үш рет жеңген Марко ван Бастен, Йохан Кройф және Мишель Платини сынды атақты ойыншыларды табасыздар. Ал Месси тарихқа тағы да бір өзгеріс алып келді. Ол «Алтын допты» төрт рет жеңген алғашқы футболшы болып тіркелді.

Эбби Уомбах әйелдер арасындағы 2012 жылдың үздік футболшысы

Америка құрамасының шабуылшысы Эбби Уомбах ФИФА шешімі бойынша 2012 жылдың үздік әйел ойыншысы атанды. Уомбах Лондонда өткен Олимпиада ойындары барысында қарсылас командасының қақпасына бес гол соғып, құрамасының чемпион атануына елеулі үлес қосқан. Бұл номинацияда екінші орынды Алекс Морган иеленсе, үшінші сатыда Марта Родригес.

Fair play жүлдесін Өзбекстан футбол федерациясы алды

ФИФА-ның арнайы «Әділ ойын» номинациясында оңтүстік көршіміз Өзбекстан құрамасына бұйырды. Сондай-ақ Өзбекстан Азия аймағындағы футболдың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін де марапатталды. Бұл номинацияға ел футболындағы келісілген матчтардың бетін ашқаны үшін Гватемала құрамасы мен «Эскишехирспор» командасы үміткер болған еді. Түркиялық команда Еуропа Лигасы аясында «Сент-Джонс» командасына қарсы ойында қарсыластарының жарақат алған ойыншысына көмек көрсетіп бітпегенінше, бұрыштама добын көтеруге қарсы болған.

«Пушкаш сыйлығы» Мирослав Стохқа бұйырды

ФИФА-ның шешімі бойынша 2012 жылғы ең үздік голды «Фенербахче» командасының шабуылшысы Мирослав Стох салды деп таңдапты. ФИФА-ның ресми сайтындағы дауыс беруде чехиялық шабуылшы «Атлетико» командасының сұрмергені Радамель Фалькао мен бразилиялық «Сантос» командасының шабуылшысы Неймардан озған. Айта кетсек, 2009 жылы бұл сыйлықты Криштинау Роналду, 2010 жылы Хамит Алтынтоп, 2011 жылы Неймар жеңіп алған болатын.

ФИФА Президентінің арнайы сыйлығын Франц Беккенбауер алды

Мюнхендік «Бавария» командасының құрметті президенті Франц Беккенбауер ФИФА президенті тарапынан, футболға қосқан елеулі үлесі үшін арнайы сыйлық алды. Өткен ғасырдың соңында екі мәрте «Алтын допты» иеленген Беккенбауер «МЮ» бапкері Алекс Фергюсоннан кейін мұндай сыйлықты алған екінші адам болып тарихта қалды. 

Пиа Сундхаге әйелдер футболындағы үздік бапкер

Футболдан АҚШ әйелдер құрамасының бас бапкері Пиа Сундхаге 2012 жылғы әйелдер футболындағы үздік бапкер атағын жеңді. Швейцариялық маманның жетекшілігімен АҚШ әйелдер құрамасы Лондон Олимпиадасында топ жарған. Сондай-ақ, бұл атаққа Жапония құрамасының бас бапкері Норио Сасаки мен Франция құрамасының бапкері Бруно Бини таласқанын айта кетейік.

Висенте дель Боске - үздік бапкер

2012 жылдың үздік бапкері ретінде испандық маман Висенте дель Боске танылды. Оның жетекшілігімен Испания ұлттық құрамасы 2010 жылғы Әлем чемпионаты мен 2012 жылғы Еуропа біріншілігін жеңіп алды.

2012 жылдың әлем құрамасы

«Алтын допты» марапаттау рәсімінде 2012 жылдың символикалық құрамы да анықталды. Бір қызығы, бұл тізімге тек Испания біріншілігіндегі «Барселона», «Реал» және «Атлетико» командаларында өнер көрсететін ойыншылар ғана кірген екен. Сонымен назарларыңызға 2012 жылғы «Жыл құрамын ұсынамыз» - қақпашы: Икер Касильяс, қорғаушылар: Дани Алвес, Жерар Пике, Серхио Рамос, Марсело, жартылай қорғаушылар: Хави Алонсо, Хави Эрнандес, Андрес Инеста, шабуылшылар: Лионель Месси, Радамель Фалькао, Криштиану Роналду.

Сонымен қатар, марапаттау рәсімінде жақында ғана Ресей азаматтығын алған Жерар Депардье де бой көрсетті.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: fifa.com

А. Құлтай