Өлім жазасы: үкім орындалғасын ақталған 5 адам

Өлім жазасы: үкім орындалғасын ақталған 5 адам
Фото: Massaget.kz\Yernar Almabek

Әлемнің ешбір елінде мінсіз жұмыс істейтін сот жүйесі жоқ. Сондықтан өлім жазасына жазықсыз адамдардың да үкім етілуі кездесіп жатады.

Америкада жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша 1987 жылы 349 адам өлім жазасына кесіліп, оның 23-і атылған. Тағы бір зерттеуде 1978-2007 жылдар аралығында өлім жазасына кесілген 126 адам кейін ақталған.

Балалар колониясындағы бір күн

Өлім жазасына қарсылар соттың қате шешім шығаруы қымбатқа түседі деп санайды. Өйткені үкім қайта қаралса да, адамның өмірін қайтару мүмкін емес. Сот тарихында адамдардың өлім жазасына кесілгеннен кейін көп ұзамай ақталуы өте жиі кездеседі.

Солардың кейбірін тізіп шықтық.

Reuters 
© South Carolina Department of Archives and History

Стинни Джордж

Америкалық жасөспірім Стинни Джордж қайғылы тізімде ерекше орын алады. Ол ХХ ғасырда өлім жазасына кесілген ең жас қылмыскер атанған. Ол бұл қатал үкімге кесілген уақытта әлі 15 жасқа да толмаған болатын.

Джордж 1944 жылы 8 және 11 жастағы екі қызды өлтіргені үшін сотталды. Қылмыс Оңтүстік Каролина штатының Алколу қаласында жасалған. Қаланы темір жол екі бөлікке – ақ және қара деп бөлетін.

Стинни Джордж қара нәсілді ауданда тұратын. Наурыздың бірі күні екі қыз сол жаққа велосипедпен гүл теруге барады. Кейін олардың жансыз денелері арықтан табылған.

Тергеуге сәйкес, Стинни олармен сөйлескен соңғы адам болған. Тергеу 3 айға созылады. Жасөспірімнің ата-анасы әлеуметтік қысымнан қорқып, қаланы тастап кетуге мәжбүр болды.

Сот процесі де жылдам өтті – негізгі нұсқауларды полиция берді. Қазылар алқасы 10 минуттық талқылаудан кейін Джорджды кінәлі деп тапты. 1944 жылы 16 маусымда ол электр креслосында өлім жазасына кесілді.

Бұл істің жай-жапсары 2013 жылы ғана белгілі болды. Бірнеше дәлелдер оның кінәсіздігін көрсетеді және қайта сот ісі 70 жыл өткен соң – 2014 жылы өтеді. Онда Стинни Джордж кінәсіз деп танылып, ақталды.

2. Колин Кэмпбелл Росс

Аустралиялық Колин Кэмпбелл Россты ақтау үшін шамамен 90 жылға жуық уақыт қажет болды. Ол 1922 жылы 12 жасар Альма Тиртшкені зорлап, өлтіргені үшін дарға асылды.

Оған қарсы басты дәлел – төсегінен табылған ақшыл шаштың бір талы. Прокурор сотты шаш талының жәбірленушіге тиесілі екеніне сендірді. Росс өзінің кінәлі екенін мүлдем мойындамады. Соған қарамастан, ол өлім жазасына кесілді.

90-жылдардың ортасында қылмыстық істің материалдары зерттеуші Кевин Морганның қолына түседі. Ол шаш талының жәбірленушіге тиесілі екенін анықтау үшін заманауи әдістерді қолданды. Нәтижесінде прокурордың тағылған айыптары расталмады. Морган бұл туралы сенсациялық кітап жазды.

Осыдан соң Росс пен Тиртшкенің туыстары істі қайта қарауды талап етті. Виктория бас прокуроры айыптау қорытындысының қате екенін мойындады, ал Жоғарғы сот өлім жазасына кесілген Россты ақтады.

3. Уильям Хэброн

1876 ​​жылы британдық Уильям Хеброн өлім жазасына кесілді. Лондонда тұратын 18 жастағы жігіт полицейді өлтірді деген айыппен қамауға алынды.

Сот ұсынылған дәлелдерді жас жігітті дарға асу арқылы өлім жазасына кесуге жеткілікті деп санайды. Бірақ өлім жазасын заң бойынша тек 19 жастан бастап қолдануға болатыны оны құтқарады.

Сөйтіп, Хебронның өмірі тағы бірнеше айға ұзарады. Осы уақыт ішінде істің жаңа мәліметтері белгілі болады. Бұл адвокаттарға үкімге шағымдануға мүмкіндік береді: өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылады.

Бірнеше жылдан кейін, 1879 жылы бір қылмыскер Хеброн өлтірді деген полицейді өзі өлтіргенін мойындайды. Өлім жазасы қаупі мен өмір бойына бас бостандығынан айырылу азабына тап болған Хеброн ақыры ақталып, бостандыққа шығады. Хебронға өтемақы ретінде 800 фунт стерлинг төленеді.

© diletant.media

4. Қытайдағы Хуугджи ісі

Ішкі Моңғолия астанасы Хухото қаласындағы қоғамдық дәретханада әйелді зорлап, өлтіруге қатысты қылмыстық іс Қытайда үлкен дау тудырды.

Қылмыс 1996 жылдың қаңтар айында жасалып, тәртіп сақшылары Хуугджи есімді жергілікті азаматты дереу қолға алады. Ол кінәсін мойындап, маусым айында сотталып, өлім жазасына кесіледі.

Бұл оқиға10 жылға жуық уақыт ұмытылып кетеді. Егер қанішер Чжао Чжисюнь тұтқындалмаған болса, ол мүлдем ұмытылып кетер еді. Оған 10 зорлау және кісі өлтіру, соның ішінде Хуугджи ісі бойынша да айып тағылады.

1996 жылғы іс жаңа сот талқылауына жіберіледі. 2014 жылдың желтоқсанында Хуугджиге қатысты өлім үкімі жойылады. Сот  Хуугджи ісін қарауда елеулі кемшіліктер болғанын мойындайды.

Хуугджидің туыстарына қытай стандарттары бойынша "үлкен" өтемақы 30 000 юань, шамамен 1,8 млн теңге төленді.

Тергеу нәтижесі бойынша Хуугджидің қысыммен жасаған қылмысын мойындағаны анықталады. Отызға жуық шенеунік жауапқа тартылады. Даудың үлкен болғаны сонша, ол Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен халықтық саяси консультативтік кеңес мәжілістерінде соттар мен прокурорлардың жыл сайынғы баяндамасының негізгі тақырыбына айналды.

© m.infox

5. Александр Кравченко

Өлім жазасына кесілген, бірақ кейіннен ақталған танымал адамның бірі ресейлік, Ростов облысы Шахты қаласының тұрғыны Александр Кравченко.

Ол 1978 жылы желтоқсанда 9 жасар мектеп оқушысын зорлап, айуандықпен өлтірді деген күдікпен қамауға алынады. Кравченко бұған дейін 10 жасар қызды жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны және өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеген. Бұл оны басты күдікті етеді. Бірақ оның айыпсыздығын көрсететін дәлелдері болғаны үшін босатылады.

Бірақ бірнеше айдан кейін ол ұрлық жасады деген күдікпен тағы да ұсталады. Жауап алу кезінде ол кісі өлтіргенін де мойындады. 1979 жылы 16 тамызда Ростов облыстық соты Кравченконы өлім жазасына кеседі. Тұтқын арыз жазып бұл істі зорлықпен мойнына ілгенін айтады. Осыдан кейін іс қайта қаралып, жаза 15 жылға бас бостандығынан айыру үкімімен ауыстырылады.

Бірақ марқұм қыздың туыстары үкімге наразы болып, істі қайта қаратады. 1982 жылы наурызда іс үшінші рет қаралып, Кравченко тағы да өлім жазасына кесіледі, ал келесі жылы үкім орындалады.

Кейінірек бұл қылмысты  Ростовтағы тағы бір маньяк Андрей Чикатило жасағаны белгілі болады. 1991 жылы бұл іс бойынша Кравченко ақталады.

Т. Раушанұлы