Физиктердің өмірінен қызықты оқиғалар

Физиктердің өмірінен қызықты оқиғалар

Массагет порталы физиктердің өмірінен қызықты оқиғаларды ұсынады.

Әйгілі физик Петр Капица Қара теңізге өзінің әріптестерімен демалысқа барыпты. Олар жолдан пластик қақпағы бар бірнеше бөтелке шарап сатып алады. Қақпақты тек пышақпен ашуға болатын. Бірақ физиктердің ешқайсысында пышақ жоқ болып шығады.

Абдырап, аша алмай тұрғанда жандарынан шаламас бір кісі өтеді. Физиктердің бірі:

— Кешіріңіз, бөтелкені ашатын бірдеңеңіз бар ма?, - дейді. Өтіп бара жатқан масаңдау кісі тоқтап бұрылып, жайбарақат басып олардың жанына келеді. Пластик қақпағы бар, бөтелкені айналдырып қарап:

– Осыны да проблема деп тұрсыздар ма? Кімнің қалтасында оттық бар?, - деп сұрайды.

Абырой болғанда, ғалымдардың қалтасынан оттық табылады. Бейтаныс жігіт пластик қақпақты қыздырды. Біраз уақыттан кейін қызып, жұмсарған қақпақ оңай ашылады. Өз ісінен масаттанған бейтаныс, физика ғалымдарына қарап:

– Мектепте физиканы жақсы оқуларыңыз керек еді!, - деген екен.

Атомның алғашқы кванттық теориясын жасаушы Нильс Бор ұлы физик қана емес, сонымен қатар шебер спортшы болған. Ол футболда көптеген жетістіктерге жеткен.

Жас кезінде ол Дания құрамасында талай рет ойнаған. Әрине, Копенгагенде Борды атақты физиктен гөрі талантты футболшы ретінде танитын еді. Сондықтан 1922 жылы Дания газеті оқырмандарына: "Құрметті жанкүйерлер, біздің сүйікті футболшы Нильс Бор Нобель сыйлығының лауреаты атанды" деп хабарлаған екен.

Кибернетиканың әкесі Норберт Винер ұмытшағымен танымал еді.

Бір күні оның отбасы жаңа мекен-жайға көшкенде әйелі жұмыстан келгенде адасып қалмасын деп бір жапырақ қағазға жаңа мекенжайды жазып, қалтасына салып жібереді. Жолда ол жаңа жұмысы туралы ойланып, қалтасындағы жаңа пәтерінің мекен-жайы жазылған қағаздың артқы жағына формула жаза бастайды. Біраз уақыттан кейін ойының қате екенін түсініп, қағазды лақтырып кетеді.

Кешке ол ештеңе болмағандай ескі мекенжайына келеді. Бұл жерде ешкім тұрмайтынын білген ол абдырап көшеге шығады. Көшеде бір қызға көзі түсіп, оған келіп:

— Сен мені танитын шығарсың, профессор Винерманмын ғой. Менің отбасым жақында көшіп кетті, олардың қайда көшкенін білмейсің бе?, - деп сұрайды.

Сонда кішкентай қыз жымиып:

— Иә, білемін, әке! Анам мекенжайды ұмытып кетуіңізді біліп, сізді әкетуге мені жіберді, - деген екен.

Т. Раушанұлы