Месси ұлттық құрама сапында алғаш рет пента-трик жасады

Месси ұлттық құрама сапында алғаш рет пента-трик жасады
Фото: zerkalo.az

Әйгілі аргентиналық футболшы Лионель Месси алғаш рет ұлттық құрамасы сапындағы бір ойында 5 гол соқты. Осылайша жеке рекордына қол жеткізді. 

Испанияның Памплона қаласында өткен жолдастық ойында Аргентина Эстония құрамасын 5:0 есебімен ұтты. Ойындағы 5 голды да Месси өз еншісіне жазып, пента-трик авторы атанды. Футболшы 9 (пенальтиден), 45, 47, 71 және 76-минуттарда гол соқты. 

Лионель Месси ұлттық құрамадан бөлек, "Барселона" сапында ойнап жүргенде де бір рет пента-трик жасаған. 2012 жылы Чемпиондар лигасы ойынында каталондық клуб Леверкузеннің "Байер" командасын 7:1 есебімен ұтқан. Сол ойында ол 7 голдың 5-ін өз еншісіне жазған еді. 

Мессидің Аргентина құрамасы сапында соққан голдан саны 86-ға жетті. Бұл ұлттық құрама тарихындағы ең үздік көрсеткіш. 

Н. Үсенова