Мәйіті ұрланған ұлылар

Мәйіті ұрланған ұлылар

Атақты адамдардың жанкүйерлері көп, кейде олар қайтыс болғаннан кейін де "жақындарын" жалғыз қалдырмайды. Әйгілі адамдардың денесі жерленгеннен кейін ұрланған, көбі із-түссіз жоғалып кеткен фактілер жеткілікті. 1978 жылы 1 наурызда атақты актер Чарлидің мәйітін ұрлау сол кездегі ең таңғаларлық жаңалықтың бірі болды. Бүгін біз қайтыс болғаннан кейін мәйіті ұрланған ұлы адамдар туралы айтамыз.

Данте Алигьери

Теңдессіз "Құдіретті Құдай комедиясының" авторы өмірінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейін де жолы болмады. Көзі тірісінде ол жаңашыл деп танылып, Флоренциядан қуылды. Сондықтан Равеннадағы шіркеулердің біріне жерленді. Данте де көптеген данышпандар сияқты өлгеннен кейін дәріптеле бастады. Ақынды туған жеріне салтанатты түрде жерлеуді ұйғарған кезде табытты ашқанда, ол бос болып, салтанатқа қатысушылар абдырап қалды.

Қайта жерлеу басқа күнге қалдырылды, сол кезде Рим Папасы Лео X-ға Дантенің өзі қайтып келіп, денесін алып кеткені туралы хабарланған.

Ғасырлар өтіп, ХІХ ғасырда дарынды ақынның 600 жылдығын тойлау қарсаңында Равеннадағы шіркеуді қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Құрылысшылар қабырғалардың бірін бұзып жатқанда, ойып жазылған жазуы бар ағаш жәшік тапты. Онда "Дантенің сүйектерін 1677 жылы Антонио Санти осында қойған" деп жазылған.

Николай Васильевич Гоголь

Орыстың прозашысы, ақыны, сыншысы көзі тірісінде-ақ өзінің "біртүрлілігімен" танылғанымен, өмірден озған соң да оның артында бір жұмбақ қалады деп кім ойлаған?

1931 жылы Гогольді қайта жерлеу туралы шешім қабылданды. Табытты ашқанда Николай Васильевичтің басы жоқ болып шықты. Гоголь денесінің басы кімге керек болғаны әлі күнге дейін жұмбақ.

Бұл туралы Массагет порталы "Гогольдің басы" атты көлемді материал жазған болатын.

Зигмунд Фрейд

Психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд (1856-1939) денесінің күлі салынған ыдыс та ұрлана жаздаған. 2013 жылғы Жаңа жылды тойлау түні белгісіз біреулер австриялық психологтың күлін ұрламақ болып, әйгілі тұлғалардың күлі жатқан Лондон крематорийіне басып кірген. Шабуылшылар жоспарын жүзеге асыра алмады, соңғы минуттарда олар бірдеңеден қорқып қашып кеткен.

Чарльз Чаплин

Тірілерді ғана емес, өлілерді де ұрлап, ақша талап ететіндер бар. 1978 жылы 1 наурызда екі адам Чарли Чаплиннің мәйітін ұрлап, жесірінен 650 мың доллар талап еткен. Қылмыс актер өмірінің 25 жылын өткізген Швейцарияның тыныш Корсье-сюр-Веве ауылында орын алған. Жұбайы: "Чарли мұны күлкілі деп айтатын еді" деп ақша төлеуден бас тартқан. Польша мен Болгариядан келген иммигрант – екі ұры тез арада қолға түсіп, "үнсіз комедияның атасы" атанған актердің сүйегі бастапқы орнынан 15 шақырым жерден табылды. Мәйітке қайта шабуыл жасамас үшін бейіт бетондалды.

Т. Раушанұлы