Головкин Муратаға шапанын сыйлады (видео)

Головкин Муратаға шапанын сыйлады (видео)

Сайтамада (Жапония) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Геннадий Головкин жергілікті боксшы Риота Муратаға мықтылығын мойындатты. Ал шаршы алаңдағы шайқас соңынан қарсыласына құрмет көрсетіп, шапанын жапты. 

Геннадий Головкин тоғыз раунд бойы аяғынан тік тұрып, шабуылына шыдас берген Риота Муратаға өз алғысын білдірді. Шаршы алаңға киіп шыққан шапанын сыйға тартты. 

«Бұл жолғы қарсыласым Олимпиада чемионы әрі WBA тұжырымы бойынша чемпион болды. Болды емес, қазір де чемпион. Бүгін соны рингте көрсетті. Жапония жерінде осындай үлкен спорт оқиғасы өткеніне қуаныштымын. Өз елдеріміздің жарқын өкілдері ретінде жақсы шоу көрсете алдық деп ойлаймын», - деді Геннадий Головкин жекпе-жек аяқталғаннан кейін.

Сондай-ақ, ол жанкүйерлеріне алғыс білдірді.

«Өз жанкүйерлеріме алғыс білдіргім келеді. Әсіресе Қазақстаннан арнайы келген жақтастарыма рахмет айтқым келеді. Рахмет жігіттер! Алға, Қазақстан!» - деді боксшы.

Н. Үсенова