Мбаппе Мессидің рекордын жаңартты

Мбаппе Мессидің рекордын жаңартты
Фото: © Lionel Hahn

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы ойындар басталды. Парижде ПСЖ Мадридтің "Реал" клубын 1:0 есебімен ұтты.

Ойында париждік клубқа жеңіс сыйлаған голды 94 минутта Килиан Мбаппе соқты. Осылайша командаласы Мессидің рекордын жаңартты. Чемпиондар лигасындағы 32-ші голын өз еншісіне жазып, 23 жаста (1 ай) ең көп гол соққан ойыншы атанды. Аргентиналық ойыншы 32 гол соққанда 23 жас 8 айда болған. Екеуі де 32 голды 52 ойында соққан.

"Реал" мен ПСЖ арасындағы қарымта ойын 9 наурыз күні Мадридте өтеді.

Плей-оффтағы екінші ойында да рекорд тіркелді. "Манчестер Сити" Лиссабонда "Спортингті" 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Ойындағы 5 голдың 4-ін бірінші таймда соқты. Нәтижесінде ширек финалға шығуға ширақ қадам жасады. Ал жарыс тарихында сырт алаңда бірінші таймда-ақ 4 гол соққан команда болмаған.

Чемпиондар лигасы жалғасады. Бүгін түнде "Интер" - "Ливерпуль" және "Зальцбург" - "Бавария" командалары арасындағы ойындар өтеді.

Н. Үсенова