Теңге және әлем ақшалары туралы қызық дерек

Теңге және әлем ақшалары туралы қызық дерек
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

"Монета" (лат. money) ұғымы бізге Ежелгі Римнен келді. Латын тілінен аударғанда "ескертуші" немесе "кеңесші" деп аударылатын. Плутос құдайы байлық, ақша билігіне ие болды. Дәл осы құдайдың ғибадатханасының жанында монеталар жасау шеберханалары болды. Бұл шеберханалардың өнімдері монеталар – ақша деп аталды, ағылшын тіліндегі "money" сөзінен, ақшаның жалпы атауы шыққан.

Қағаз ақшалар алғаш рет шамамен 1000 жыл бұрын, қағаздың туған жері Қытайда ойлап табылып, екі ғасырдан кейін әлемге тарала бастады.

Ежелгі ақшалар туралы

Түркі дәуірінің монеталарының аверс бетінде басылған таңбалар, реверс бетінде жыртқыш аң бейнеленген;

704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мемлекетінің қуаттылығын білдіреді;

Қазақ жерінде түргештердің саудалық әрі жәрмеңкелік қалашықтары Суяб пен Тараз сол дәуірлерде қарқындап өркендеді;

Ақша соғу ісі Қарахан әулеті тұсында кеңінен етек алған. Қарахандықтар әулеті ислам дінін ресми қабылдауына байланысты ақша айналымдағы тиындары арабша атады, яғни фуле, динар, дирхем деп аталды;

Монетаның бет жағы — аверс, артқы жағы — реверс және жаны — гурт деп аталады. Бұл сөз неміс тілінен аударылған және «белдік» дегенді білдіреді;

Ежелде Қытайда қола пышақтар ақша орнына жұмсалған.

Теңге туралы

Теңгенің бірінші топтамасы Harrison & Sons фабрикасында, Лондонда басылып шығарылды. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасаған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауымен орындалып, өнеркәсіпке арналған жабдық ретінде тасымалданған.

Қазақстанда ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Соның арқасында Қазақстан ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік алды.

Ұлттық валютаның атауына "сом", "ақша", "алтын" секілді атаулар бақталас болған. Яғни, теңге атауымен бірге осы нұсқалар да таңдауға түскен.

Теңге банкнотасы қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. 

Доллар туралы

Бір долларлық купюра салынған пирамидадағы көз «құдай тағдырының көзі» деп аталады. Бұл символды Қайта өрлеу дәуіріндегі діни өнерде қолдану мысалдарын табуға болады. Демек, оның кем дегенде жарты мың жылдық тарихы бар;

АҚШ-тың 10 және 100 долларлық банкноттарында бейнеленген Александр Гамильтон мен Бенджамин Франклин ешқашан Америка Құрама Штаттарының президенті болған емес;

Айналымдағы АҚШ долларының 5 пайыздан астамының сыртында кокаиннің ізі бар;

Американың валютасына жалған ақша жасаудан бәрінен басып озған бір ел бар. Ол - Солтүстік Корея.

Басқа да қызық деректер

Ұсақ ақша тезірек жұмсалады;

Еңбектеніп көп ақша тапқан адамдар мұрагерлікпен байығандардан гөрі өздерін бақытты сезінеді;

Несиелік ақшалардың вексель, банкнота, чек атты түрлері бар;

Қағаз ақшалар, атына қарамастан шын мәнінде қағазға басылып шығарылмайды. Олар тозуға төзімді, мақта мата мен зығырдан тұратын материалдан жасалған;

Дүниежүзі бойынша ең танымал ақшаның түрлері – доллар, франк, песо;

Орта есеппен қағаз ақшалар қолданыста үш жыл көлемінде тозады, ал АҚШ доллары 8-9 жылға дейін "өмір сүреді".

Т. Раушанұлы