Адамзат тарихындағы біртүрлі салықтар

Адамзат тарихындағы біртүрлі салықтар

Тарихта салық салудың өте ерекше және біртүрлі әдістері ойлап табылған. Араны ашылған патшалар халықтан ақша жинау үшін салықтың небір түрін шығарды. Мысалы, бір кездері "бедеулік салығы" кеңінен таралды. Оны үйленбеген азаматтар және баласыз ерлі-зайыптылар төледі. Гвинея Республикасының халқы әлі де бейбітшілік салығын төлейді.

Массагет порталы адамзат тарихындағы біртүрлі салықтардың бірнешеуін ұсынады.

Көлеңке салығы

Тіпті материалдық емес заттарға да салық салынады. Бұған 1993 жылы көлеңке салығын енгізген Венеция мысал бола алады. Бұл ережеге сәйкес, ғимараттың көлеңкесі жерге түскен барлық мекемелер салық төлеуі тиіс.

Дүкендердің, мейрамханалар мен кафелердің иелеріне әдеттен тыс алым енгізілді. Кейбір кәсіпкерлер қасбеттер мен шатырларды алып тастауды жөн көрді. Осылайша жыл сайын Венеция бюджетін көлеңке салығы толтырып отырды. Төлемнің біртүрлі екеніне қарамастан, ол әлі де күшін жойған жоқ. Сонымен қатар, венециялық кафелер мен мейрамханалардың иелері көлеңке салығын тек күн шуақты күндері ғана емес, сонымен қатар бұлтты күндерде де төлеуге мәжбүр. Айта кету керек, көлеңке салығы әлемдегі жалғыз біртүрлі салық емес. Мысалы, Литваның Клайпедасында 2012 жылдың соңында жаңбыр суы салығы енгізілді.

Сақал салығы

Бұл салық бізге тарихтан жақсы белгілі. Петр I оны 1689 жылы енгізді. Боярлар, саудагерлер мен шаруалар төлейтін салықтардың бірнеше түрлері болды. Мысалы, шаруа өз аулында сақал қойып жүре беретін. Ал, ол қалаға кірерде 1 тиын сақал салығын төлейтін еді. Бұл салықтың салдары ауыр болғаны сонша кедейлер сақал салығын төлей алмай, тіпті мемлекет алдындағы қарызы үшін жер аударылды.

Өмір салығы

Бір кездері британиялық билеушілер адамдар бұл әлемде өмір сүру үшін ақша төлеуі керек деп шешті. Өмір салығы осылайша пайда болды, ал XIV ғасырда Англия тұрғындары осы заңға сәйкес салық төлей бастады. Нәтижесінде елдегі "шаруалар көтерілісі" деп аталатын үлкен көтеріліс басталды.

Тұз салығы

Тарих көрсеткендей, бұл салық үлкен оқиғаларға себеп болды. Тұз салығы Қытай империясының құлдырауына әкелді, бұл француз революциясының дамуын айтарлықтай жылдамдатты. Үндістанда салық тіпті Махатма Гандидің қатысуымен жаппай наразылықтарға әкелді. Өйткені, Ұлыбритания салық мөлшерлемесін 4000 пайызға көтергені үнділердің ашуына әбден тиді. Бұл ел қазынасына түсетін кірістің 5 пайызын құрады. Ал, ХVІІ ғасырда "тұз көтерілісі" деген үлкен халық наразылығана себеп болды.

Сағат салығы

Тағы бір қызықты салықты 1797 жылы британиялықтар енгізді. Бұл жолы мемлекет қазынасын сағат иелері толықтырды. Заң 1 жыл ғана күшінде болды, осы уақыт ішінде сағат иесі елге әр сағаты үшін 5 шиллинг төледі.

Велосипед жүргізу салығы

1910 жылы наурызда Симбирк қалалық думасы әрбір велосипед иесіне қала қазынасына 50 шиллинг төлеуге міндеттейтін қаулы қабылдады. Велосипедшілерге аталған көлікпен жүру ережелері жазылған буклет таратылды. Оларға жаяу жүргіншілер жолы мен саябақтарда үлкен топ болып жүруге рұқсат етілмеген. Сонымен қатар, әрбір велосипед иесі көлігін мемлекеттік нөмірмен жабдықтауға міндетті болды.

Көз салығы

І Петр кезінде Ресейде азаматтар сақал үшін ғана емес, сонымен қатар көзі үшін де салық төлеген. Салық XVIII ғасырдың басында енгізілді. Заңға сәйкес қара көзді адам 3 алтын, сұр көзді адам 8 алтын тиын төлеуге міндеттелді.

Гипс салығы

Жыл сайын Альпідегі 150 мыңнан астам шаңғышылар түрлі жарақаттардан зардап шегеді және оларды емдеуге кететін шығын бір миллиард шиллингтен асады. Бұл салық Австриядағы емханаларға қаржылық көмек көрсету үшін енгізілді. Енді шаңғышылар әр тауға шыққаны үшін гипс салығын төлейді, ал қаражат жергілікті емдеу мекемелеріне аударылады.

Т. Раушанұлы