Әлемдегі бойы ең қысқа адамдар туралы білесіз бе?

Әлемдегі бойы ең қысқа адамдар туралы білесіз бе?

Жер бетіндегі ергежейлілер тайпасы Африканы мекендейді. Оларды ғылым тілінде Пигмейлер деп атайды. Ал пигмейлер ішіндегі ең бойлы қысқалары – мбути. Пигмейлер грек тілінен аударғанда жұдырықтай деген мағына береді.

2003 жылғы санақ кезінде, ергежейліердің саны 300 мыңнан асқан.  Антропология жағынан орталық африкалық нәсілге жатады. Пигмейлердің бойы аласа (144-150 см), реңі ашық қоңырқай, талпақ танау, бұйра шашты, жұқа ерінді, кеуделі, аяқ-қолы қысқа. Банту тілдері тобындағы бірнеше тілде сөйлейді.

Негізгі кәсіптері – аңшылық, терімшілік және балықшылық. Дәстүрлі қару-жарағы – садақ. Үлкен аңдарды аулауға найза қолданады. Аулаған аңдарын көбіне көрші халықтармен дәнді дақылдарға айырбас жасап күнелтеді. Алғашқы қауымдық құрылыстың дәстүрлері сақталған. 3-4 отбасы болып белгілі бір аумақта көшіп те жүреді. Аласа күрке үйлерде (ағаш және ағаш бұтақтарынан тұрғызылған) тұрады. Қазіргі уақытта біраз бөлігі отырықшылыққа көшіп, еуропалық киімдер кие бастаған. Аңшылық, батырлық сюжеттерге негізделген ауыз әдебиеті сақталған.

Пигмейлер арасындағы мбути тайпасы негізінен Конгоның Итури аймағында, адамдар жете алмайтын қалың ормандардың арасында тұрады. Тайпа ерлерінің бойы 140 сантиметр, ал әйелдердікі 130 сантиметр.

Мбутилерде қазіргі өмір, өркениет туралы түсінік жоқ. Олар тек тірі болу үшін өмір сүреді. Бұл тайпада басқа тайпаға қыз беруге тыйым салынған.

Еуропалық дәрігерлердің зерттеулері ергежейлілік – мбутиде қалыпты жағдай екенін анықтады. Олардың өсуіне кедергі болатын ешқандай ауру немесе себеп табылмаған. Мбутиліктер экологиялық таза өнімдерден тұратын – жидек, саңырауқұлақ, жаңғақ, өсімдік тамырларын тұтынады. Жабайы аңдар ет пен балықты жегенді де ұнатады. Үй жануарларын ұстамайды.

Тайпа үнемі аң аулау арқылы күн көреді. Аулаған аңын бірден жеп қояды. Келесі күні барлық ер адамдар қайтадан аң аулауға шығады. Олар от жағуды, таяқ пен үлкен жапырақтардан баспана салуды біледі.

Олар өсімдіктердің кептірілген жапырақтарынан жасалған киімдер киеді. Тайпаның кейбір мүшелері саяхатшыларға өз киімін сыйға тартады.

Ғалымдар мбутилардың бойының қысқа болуының себебі – олардың қалың ормандарда (джунглиде) өмір сүруге бейімделгендігінде деп санайды. Өйткені, мбути тайпасы қалың орманда жылдам қозғалу әдісін меңгерген.

Тайпада басшы жоқ. Бірақ барлық мүшелер өз міндеттерін жасына және жынысына қарай орындайды. Табылған тамақ немесе олжа бәріне бірдей таратылады. Бірақ әр мбутидің тайпаның дамуына қосқан үлесі ескеріледі. Тайпа мүшелерінің орташа өмір сүру ұзақтығы 40 жыл. Олар негізінен жабайы жануарлар мен улы жыландардың шабуылы нәтижесінде өледі.

Т. Раушанұлы