Ever Given: Әлем экономикасын "қайраңнан" шығарған батыр

Ever Given: Әлем экономикасын "қайраңнан" шығарған батыр

Әлем экономикасындағы күретамырдың бірі саналатын – Суэц каналы Ever Given кемесінің көлденең тұрып қалуына байланысты алты күн жабық тұрды. Оны қайраңнан шығару үшін экскаватор айдаушы Абдулла Абдул-Гавад 5 күн 21 сағат жұмыс істеген. Себебі басқа экскаваторшылар барудан бас тартқан. Ол жалғыз өзі жұмыс істегендіктен күніне 3 сағат қана ұйықтаған.

Абдулла Абдулгавад кеменің үлкендігінен қорыққан басқа экскаваторлар көмектесуге бас тартқанын айтты. Себебі топырақты қазып жатқан кезде кеменің бір жағына қисайып, ондағы контейнерлер экскаваторлардың үстіне құлап кету ықтималдығы жоғары болған. Бірнеше күннен кейін басқа экскаваторлар да көмекке келген.

Осы уақытқа дейін кемені қайраңнан шығару үшін Абдулла мыңдаған тонна топырақ қазып тастаған еді.  Көмекке келген экскаваторлар үйілген құмды тазартумен ғана айналысқан. Бес күндік қажырлы еңбектен кейін 400 метрлік Ever тайыздан көтеріліп, әлем экономикасы үшін шешуші болған Суэц каналындағы кемелердің қозғалысы қалпына келтірілді.

Оқиға тарихы

23 наурызда Ever Given кемесі Суэц каналынан өтіп бара жатып, дауыл салдарынан һәм капитанның қателігінен жағалауға қарай шығып, каналға көлденеңінен тұрып қалды. Нәтижесінде, Суэц каналының қозғалысын толығымен тоқтатты. Бортында 18 мыңнан астам ауыр контейнер болған кемені бұру әрекеттері сәтсіз аяқталды, ал кемені жылжыту үшін сүйреу әрекеттері нәтиже бермеді.

Кеме туралы

Кемені 2018 жылы Жапонияның Imabari Shipbuilding кеме жасау компаниясы құрастырған.  Ұзындығы 400 метр, ені 58,8 метр. Қазіргі уақытта кеме Тайванның Evergreen Marine Corporation компаниясына тиесілі.

Кеме 20100 стандартты теңіз контейнерлерін (ұзындығы 6,1 метр, ені 2,44 метр және биіктігі 2,59 метр) тасымалдауға арналған. Ол 199,5 мың тонна жүк тасымалдай алады. Кеменің крейсерлік жылдамдығы 9,6 узелге тең (сағатына 17,7 шақырым).

Жүк кемесі Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді жалғап жатқан каналда жүк тасымалдауды толық тоқтатқаннан кейін 24 сағат ішінде Brent маркалы мұнай 5,77 пайызға, WTI маркалы мұнай 5,14 пайызға өсті. Апат Суэц каналындағы 500-ден астам кеменің кептелісіне себеп болды.

Бастапқыда кемені шыңыраудан шығарудың әртүрлі әдістерін қолдану жоспарланған болатын. Алайда барлық әрекет сәтсіз аяқталған.

Әлем экономикасына келтірілген шығын

27 наурыз күні кешке бірінші рет контейнер тасымалдаушы бірнеше метрге жылжытылды.

29 наурыз күні таңертең, канал жабылғаннан алты күн өткен соң, Ever Given толығымен қайраңнан шығарылды. Канал әкімшілігінің басшысы Усама Роби бес жүзге жуық кеменің кептелуінен құтылу үш жарым күнге созылуы мүмкін деп айтты.

Lloyd’s List бағалауы бойынша Суэц каналындағы апат әлемдегі сауда-саттыққа сағатына 400 миллион доллар шығын әкелді. Бұл сома күн сайын канал арқылы кемелермен тасымалданатын тауарлардың бағасына негізделген. Себебі бұл канал арқылы күніне 5,1 миллиард долларлық тауар батыс бағытқа, ал 4,5 миллиард долларлық тауар шығыс бағытқа тасымалданады.

Суэц каналы әкімшілігі 1 миллиард долларға жуық шығынға ұшырағанын  мәлімдеді. Суэц каналын бір апта бойы жауып тастаған кемеге иелік ететін көлік компаниясы іс сотқа жеткенше шығынды өтеуге тырысып жатыр деп айтылды.

Allianz сақтандыру компаниясы бір аптаға арнаның жабылуынан дүниежүзілік саудаға келтірілген зиянды 6-10 миллиард долларға бағалады. The Loadstar басылымының хабарлауынша, апат салдарынан каналдың алдында тұрып қалған кемелердің шығындары жүк кемелері үшін күніне 3,25 миллион доллар, ал танкерлер үшін күніне 500 мың доллар болған.

Сарапшылардың пікірінше, Суэц каналындағы кептеліс әлем экономикасына күніне 9,5 миллиард доллар шығын келтірген.

Канал туралы

Суэц каналы – Египеттің солтүстік-шығысында орналасқан шлюзсіз теңіз каналы. Бұл Атлант және Үнді мұхиттары арасындағы ең қысқа су жолы (Африканы айналып өтуді 8000-15000 шақырымға азайтады) және Азия мен Африка арасындағы шартты географиялық шекара болып саналады. Әлемдік сауданың шамамен 12 пайызы Африканы Азиядан бөліп тұрған осы канал арқылы өтеді. Сұйытылған табиғи газ, шикі және тазартылған мұнай сияқты энергия көздерінің 5-10%  Суэц арқылы тасымалданады. Арналық трафиктің қалған бөлігі негізінен тұтыну тауарларынан тұрады.

Канал 1869 жылы 17 қарашада алғаш рет ашылған.  Оның ұзындығы 161 шақырым, ені судың жоғарғы бөлігінде 120-150 метр, ал су түбінде 45-60 метр. Кемелер каналды орта есеппен 11-12 сағатта жүзіп өтеді.

Әлем экономикасын құтқарған белгісіз батыр

Business Insider әлем экономикасын құтқарып қалған белгісіз кейіпкерден сұхбат алды. Ол 28 жастағы Египеттің экскаваторшысы – Абдулла Абдул-гавад.

23 наурызда жас жігіт әдеттегідей сағат жетіде жұмысқа барған. Жарты сағаттан кейін ол Суэц каналын бөгеген кеме туралы естиді. Осы оқиғаның салдарынан оған бірден каналдың жағасына жету туралы нұсқау берілді. Сегіз жылдық тәжірибесі бар экскаваторшы каналға қарай құстай ұшқан.

"Мен бұл күні жұмыс істемеуім керек еді деп ойладым", - дейді Абдулла Абдул-гавад сұхбатында. Бірақ, керісінше, оған алдағы бес күнде тынымсыз еңбек ету керек болды. Басшысылық оның көмегі керек деп айтқан кезде Абдулла бас тарта алмаған. Себебі оған "сіз кемеге жақын жердегі жалғыз экскаваторшысыз" деп айтқан.

Абдулла жалғыз өзі Ever Given-ді қайраңнан шығару үшін жұмыс істеп жатыр

Тапсырма орындалған кезде Абдулла мен басқа экскаваторшылар ауыр еңбектен қатты шаршаса да өздерін сергек сезінген.

"Мен 5 күндік қажырлы еңбектен кейін қатты шаршап тұрсам да, өз елім үшін өмірде бір рет болатын нәрсе жасай алғаныма мақтанамын", - дейді экскаваторшы.

28 жастағы Абдулла журналистерге өзінің ауыр жұмысы үшін әлі марапатталмағанын айтты.

"Мен бұл жұмысқа барған кезде басқалар сияқты қорықтым, бірақ өзімді аяған жоқпын. Бастығым ешқандай қосымша қаржы төлеген жоқ", - дейді Абдулла Абдул-гавад.

Қазір дүниежүзіндегі БАҚ өкілдері оны әлем экономикасын құтқарған қаһарман ретінде бағалап жатыр.

Т. Раушанұлы