Месси "Барселона" сапында алғаш рет алаңнан қуылды

Испания Суперкубогы финалында "Атлетик" (Бильбао) "Барселонаны" ұтып, кубокты еншіледі. Ал ойын соңында каталондық клуб капитаны Лионель Месси алаңнан қуылды.

Аргентиналық футболшы "Барселона" сапында алғаш рет қызыл қағаз алды. Бұған дейін 752 ойынға қатысып, бірде-бір рет алаңды ерте тастап шықпаған.

"Атлетикке" қарсы ойында Месси қарсыласына қарсы дөрекі қимыл жасағаны үшін жазаланды. Басында бас төреші Хесус Хиль Мансано бұл сәтті назардан тыс қалдырған. Кейіннен видеоқайталауды көріп, бірден қызыл қағаз көрсетті. Бұл ойынның аяқталуына бірер минут қалған сәт еді.

Месси "Барселонада" 61 360 минут ойнаған, 259 рет нәтижелі пас берген, 648 гол соққан. 78 рет сары қағаз алған. 34 рет жеңімпаз тұғырына көтерілген.

Ойында "Атлетик" 3:2 есебімен жеңіске жетті. Негізгі уақытта 2:2 есебімен тең ойнаса, қосымша уақытта Иньяки Уильямс соққан гол командасына жеңіс сыйлады.

Бильбаолық команда Испания Суперкубогын өз тарихында үшінші рет жеңіп алды. Бұған дейін 1984 және 2015 жылы алған.