Италия чемпионаты тарихындағы ең жылдам гол соғылды

"Милан" командасының шабуылшысы Рафаэл Леау Италия чемпионаты тарихындағы ең жылдам гол рекордын жаңартты. Ол 13-турдағы ойында "Сассуоло" командасы қақпасына 6,2 секундта гол соқты.

Бұл рекорд 2001 жылдан бері жаңармаған еді. Сол кезде "Пяченца" командасының шабуылшысы Паоло Поджи "Фиорентина" қақпасына 8,9 секундта гол соққан болатын.

Рафаэл Леау ең жылдам гол соққан ойында "Милан" "Сассуолоны" 2:1 есебімен ұтты. Қазіргі таңда бұл клуб 31 ұпаймен турнир кестесінде 1-орында келеді.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы ең жылдам гол рекорды шабуылшы Жасұлан Молдақараев еншісінде. Ол 2017 жылы "Тобылда" ойнап жүргенде "Оқжетпес" командасы қақпасына 10 секунд ішінде гол соққан еді.

Ал қазіргі таңда әлемдегі ең жылдам соғылған голдар саны бірнешеу. Олардың барлығы да төреші ысқырығы шалынысымен, алаң ортасынан бағытталып, нәтижелі аяқталған. Бірақ, оның біреуі ғана Гиннес рекордтар кітабына енген. Ол голды аргентиналық футболшы Рикардо Оливейра соққан. Оның есімі жазылған рекорд 1998 жылы тіркелген. Аргентинаның "Сориано" командасының ойыншысы жергілікті "Рио-Негро" қақпасына 2,8 секундта гол соққан. Әзірге дейін бұл рекордқа түзету енгізілген жоқ.

2009 жылы Сауд Арабиясында футбол тарихындағы ең жылдам гол соғылды. Наваф Әль Абед есімді шабуылшы ойын басталғанына 2 секунд өтпестен таблодағы есепке өзгерту енгізген. Бірақ, бұл нәтиже де рекорд ретінде есепке алынбады. Себебі, алаңға шыққан барлық ойыншылардың жасы 23-тен аспаған екен. Нәтижесінде Наваф Әль Абедтің голы бейресми түрде, әлемдегі ең жылдам соғылған гол ретінде ел есінде қалды.