Неге сумошыларға көлік жүргізуге тыйым салынған?

Неге сумошыларға көлік жүргізуге тыйым салынған?

Сумошылар – Жапонияның батырлары. Олардың басқа спортшылардан ерекшелігі – салмағында. 200 не оданда көп кило болатын сумошылардың денесі, әлбетте, ірі. Осы бір спорт түрімен айналысатындарға Жапонияда көлік басқаруға болмайтынын естіп пе едіңіз?

2007 жылы Кёкутэнхо Масару есімді сумошы көлік жүргізгені үшін жарыстан шеттетілді.  Ешқандай жол-көлік ережесін бұзбағанына қарамастан ол сумо ережесіне қарсы келген.

Жапонияның сумо қауымдастығы бірнеше оқиғадан соң сумошыларға көлік айдауға тыйым салды. 1985 жылы Митоидзуми Масаюки есімді сумошы үлкен жылдамдықпен жол-көлік апатына түседі. Салдарынан сумошының буындары зақымданған. Салмағы ауыр келетін сумошылардың былай да тізе буыны әлсіз болып, көп жарақаттанатын. Ал Митоидзуми Масаюки көлігін соғып, ауыр жарақат алған соң спортпен қош айтысты. Бұдан кейін тағы бірнеше сумошы жол-көлік апатына ұшыраған соң Жапонияның сумо қауымдастығы спортшыларына көлік басқаруға тыйым салуды жөн көреді.

Мұндай заң тек Жапонияда бар. Сондықтан басқа елдің сумошыларына әсер етпейді. Дегенмен сумошыларға жүргізуші куәлігін алуға қиынға соғады. Лондонда Александра Шарран есімді сумошы 30 жыл бойы жүргізуші куәлігін ала алмаған. Өйткені денесінің ірілігінен  көлікке сыймаған.

А. Рысдәулет