Мессиден бағасы қымбат 8 футболшы

Мессиден бағасы қымбат 8 футболшы
Фото: Reuters

Футболдағы Месси мен Роналду дәуірі де соңына жақындап келеді. Қазір екеуі де әлемдегі ең қымбат футболшылардың ең алдыңғы қатарында емес. Аргентиналық сұрмерген ондықта болса, португалдық ойыншының құны, тіпті төмен.

Немістің Transfermarkt интернет басылымы футболшылардың құнын бақылап отырады. Спорт тақырыбындағы ең беделді сайттардың бірі. Осы интернет басылым ақпараты бойынша Мессидің қазіргі трансферлік құны - 112 миллион еуро. "Барселона" капитанынан қымбат 8 ойыншы бар. Олар кімдер?

8. Джейдон Санчо - 117 миллион еуро

© Lars Baron / Staff / Getty Images Sport

Дортмундтың "Боруссия" клубында доп тепкен алғашқы ағылшын ойыншысы, осы -  Джейдон. Толық есімі – Джейдон Малик Санчо. Футбол әліппесін "Уотфорд" командасы академиясында үйренген. 14 жасында "Манчестер Ситиге" ауысқан. Бірақ бұл командада қалуды ұйғармады. Келісімшартты ұзартпайтын болғандықтан, клуб басшылығы ойыншыны негізгі құрамға жақындатқан жоқ. 2017 жылдың 31 тамызында неміс командасының ойыншысы атанды.

Джейдон бундеслигада өзін тамаша қырынан таныта білді. Үздік ойыншылар қатарынан түспей келеді. Қазіргі таңда вингерге (алаңдағы қызметі) қызығушылық танытып отырған командалар көп. Футболшы "Манчестер Юнайтедті" таңдауы мүмкін деген болжам жиі айтыла бастады.

7. Кевин де Брейне - 120 миллион еуро

 Getty Images

Бельгиялық футболшының мансабы оңай басталмаған. "Гент" пен "Генкте" ойнап, 2012 жылы "Челси" сапын толықтырды. Футболшы негізгі құрамға іліккен жоқ. Кейіннен немістің "Вердер" клубына жалға берілді. Қайта "ақсүйектер" қатарына қосылса да, орын бұйырмады. Нәтижесінде "Вольфсбургке" ауысты. Осы командада ерекше ойын мәнерімен көзге түсті. 2015 жылы "Манчестер Сити" ойыншымен 6 жылға келісімшартқа қол қойды.

Жарақатына байланысты өткен маусымда біраз уақыт алаңға шықпады. Дегенмен ойыншы мойыған жоқ. Премьер-лига ойындарында өзінің бабын қайта байқатып келеді.

6. Харри Кейн – 120 миллион еуро

stadiumastro.com

Біреу бұл футболшының атын Харри дейді, біреу Гарри дейді. Өзіңізге қалай ыңғайлы, солай атасаңыз болады. Ағылшындық футболшы өзін жастайынан таныта алған жоқ. "Тоттенхэмде" түлеп шыққанмен, әр клубта жалда жүрді. Кейіннен барып қана негізгі құрамға ілігіп, команданың жұлдызына айналды.

27 жасқа келген ағылшын футболшысы мансабында ірі жетістіктерге жете қойған жоқ. Кей сарапшылар өзге командаға ауысуы жайлы кеңес айтып келеді. Бірақ лондондық команда үздік ойыншысынан айырылғысы келмейді.

5. Мұхаммед Салах – 120 миллион еуро

twitter.com

Бұл футболшыны Мысырда, тіпті Англияның өзінде перғауын (фараон) деп атайды. Мұхаммед Салах та Кевин де Брейне секілді "Челсиде" жұлдызы жанбаған ойыншы. Римнің "Рома" клубына ауысқаннан кейін ғана әлем жұрты тани бастады. Басында италиялық команда бір маусымға 5 миллион еуро төлеп алған. Кейіннен 15 миллион еуроны толықтай төлеп алды. 2 жылдан кейін "Ливерпуль" бұл футболшы үшін 42 миллион еуро төледі. Бұл шығындарына бүгін өкінбейтіні де анық.

4. Садио Мане – 120 миллион еуро

© Reuters

"Ливерпуль" командасы 42 миллион еуроға сатып алғанына өкінбейтін тағы бір ойыншы, ол – Садио Мане. Бұл футболшы да Мұхаммед Салах секілді қара құрлықтан шыққан, "перғауынмен" бірге Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Ал осы маусымдағы ағылшын премьер-лигасын ұтатын мүмкіндіктері жоғары. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жағдай түсініксіз болуда.

3. Неймар – 128 миллион еуро

Francois Mori / AP

Бразилиялық бір команданың көшбасшысы боларлық ойыншы. Бірақ "Барселонада" Мессиден кейін болса, ПСЖ клубында Килиан Мбаппенің көлеңкесінде қалып қойды деп айтылып жүр. Жанкүйерлер Неймардан әлі де жарқын ойын үлгісін күтеді. Жыл өткен сайын бұл ойыншының да құны төмендеп барады.

2. Рахим Стерлинг – 128 миллион еуро

Alex Livesey - Danehouse/Getty Images

Кейінгі үш маусымда үздік өнерімен үлгі бола бастаған ойыншылардың бірі – Рахим Стерлинг. "КПР" және "Ливерпуль" академиясында тәлім алған футболшы қазір үздіктердің үздігі. Бұл ойыншының тегі – ямайкалық. Усейн Болттың отандасы жылдам жүгіріп қана қоймай, допты ұршықша иіреді. Қазір командалардың көбі өз қатарынан көргісі келетін ойыншылардың біріне айналды.

1. Килиан Мбаппе – 180 миллион еуро

Getty Images

21 жастан енді асқан француз футболшысы әлем чемпионы ғана емес, әлемдегі ең қымбат футболшы да. "Монакода" ойнап жүргенде футбол жұлдызына айналады деп күткендер көп емес еді. Жасындай жарқылдап, кейіннен есімі елеусіз қалған футболшылар қаншама? Бірақ Мбаппе бұл қатардан емес екенін дәлелдеді. Месси мен Роналдудан кейін миллиондаған балалардың кумиріне айналды. Ендігі сұрақ, Мбаппенің Франция чемпионатында мансабын жалғастыру жайы. Қызығушы командалар көп. ПСЖ сатар ма екен?

Коронавирустың спортқа тигізген салқыны аз емес. Жанкүйерлер асыға күтетін жарыстардың барлығы дерлік тоқтады. Оның ішінде доп додалары да бар. Осының әсерінен қазір футболшылардың құны айтарлықтай төмендеген.

Айтпақшы, Криштиану Роналдудың қазіргі трансферлік құны - 60 миллион еуро. Ең қымбат футболшылар рейтингінде 46-орында тұр. 

 

Лионель Месси мінетін көліктер мен ұстайтын смартфон

Н. Үсенова