Англияда футболшылар ойын алдында амандаспайтын болды

Ағылшын премьер-лигасында футболшылар ойын алдында қол алысып амандаспайды. Мұндай шешімді коронавирусқа байланысты жарысты ұйымдастырушылар қабылдаған.

Ойын алдында футболшылар бір қатарға тұрады. Одан кейін қол алыспай тарқасады. Команда капитандары мен төрешілер де әдеттегі бұл рәсімді орындамайды.

Ұйымдастырушылардың жаңа шешімі ауру саябырсып, дәрігерлер рұқсат бергенге дейін күшінде болады.

Соңғы деректер бойынша Ұлыбританияда коронавирус дертін жұқтырғандар саны 115-ке жеткен. Сондай-ақ 5 наурыз күні елде осы вирустан алғашқы адам көз жұмды.

Осыған дейін Италияда футбол ойындары жанкүйерсіз өтетіні жайлы шешім қабылданған болатын.