Қазақ боксшылары бір-бірімен жұдырықтаса ма?

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақ боксшылары Қанат Ислам мен Жәнібек Әлімханұлы бір-бірімен жұдырықтасуы мүмкін бе? Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдары жаза бастағаннан-ақ жанкүйерлер пікірі екі жарылды.

Қазақстандық екі боксшы да бір салмақта жұдырықтасады. WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа жақындап келеді. Қанат рейтингте 4-орында болса, Жәнібек бір саты төмен тұр. Екеуінде де құрлықаралық белбеу бар. Ал бұл салмақта чемпиондық атаққа ие америкалық Деметриус Андрадемен жекпе-жек өткізуге әзірге екеуіне де жол ашылмай тұр.

Бұл ақпаратқа қатысты Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан facebook парақшасына өз пікірін жазды. Ол кезінде Қанат Исламмен де бірге жұмыс жасаған маман.

- 2 күн болды адамдар Қанат пен Жәнібек жұдырықтасуы мүмкін бе деп көп сұрап кетті. Әлеуметтік желіде жанкүйерлер де жазып сұрақтың астына алып жатыр. Неге десем, еліміздегі ақпараттық сайттар осы туралы жаңалық(сілтемесін төменге қоямын) шығарыпты. Әдеттегі хайп шығар деп ойлап, жаңалығын оқып көрдім. Зерттеп жазыпты. Осы мәселе бойынша жанкүйерлерге бірауыз пікір білдіруім керек деп шештім.

Жәнібектің ағасы әрі команда мүшесі ретінде емес, кәсіпқой боксты түсінетін, Америкадағы жүйесін білетін адам ретінде жазайын.

Бірден айтайын, жекпе-жектің болуы мүлде мүмкін емес деп айта алмаймын. Олай десем боксты шын түсінетіндер күледі. Бәрі де мүмкін. Өздеріңіз білесіздер Қанат та Жәнібек те бір тұжырыммен (wbo) келе жатыр. Бірі 4, бірі 5 орын. Бұл дегеніміз екеуі де сол тұжырымның чемпионы болғысы келеді деген сөз. Бұл түсінікті нәрсе. Әйтпесе басқа тұжырымды көздесе сол жақтың рейтингінде болар еді. Жоқ, екеуі де WBO-да.

Екеуінің менеджері де промоутері де екі бөлек. Өз боксшысын чемпион қылғысы келсе, олар қарсыласының ұлты мен тіліне қарамайды. Олар дегенім Америкалықтар. Ал Қанат пен Жәнібек ұлтқа қарай ма жоқ па жеме-жемге келгенде көреміз. Шешімдері сол кезде белгілі болады. Әзірге болмаған нәрсеге бас қатырудың, уайымдаудың керегі жоқ деп ойлаймын.

Ал менің жеке пікірім екі қазақтың бір-бірімен төбелесуінен гөрі екеуінің әлемге танымал чемпиондармен шыққаны екеуіне де тиімді деп есептеймін. Біріншіден аттарын әлемге танытады, екіншіден мықтыны ұтсаң екінші мықтыға есік ашылады. Бизнес тұрғысынан да тиімдісі сол, - деп жазды Берік Сұлтан.

Айта кетейік, екі боксшы да келесі жекпе-жектерін наурыз айында өткізуді жоспарлауда. Әзірге нақты уақыты мен қарсыластары жайлы хабарлаған жоқ. Сондай-ақ жекпе-жектерін қайда өткізетіндері де белгісіз. 

Оқи отырыңыз

Қанат Ислам: "Головкиннің бойында қазақтың асыл қасиеттері бар"

Жәнібек Әлімханұлы: "Бокссыз өмірімді елестете алмаймын"