Бразилияда футбол ойыны 56:0 есебімен аяқталды

Бразилияда футбол ойыны 56:0 есебімен аяқталды
Фото: segodnya.ua

Футболдан Бразилияның Рио штаты чемпионатында ірі есеп айырмасы тіркелді. "Фламенго" қыздар командасы өз алаңында "Греминьо де Космос" командасын 56:0 есебімен ұтты.

"Фламенго" клубының twitter желісіндегі ресми парақшасы хабарлағандай, бұл лига тарихындағы ең ірі есеп айырмасы екен. Ал футбол тарихындағы екінші рекордтық көрсеткіш. Бұл жайында сәл кейінірек айтармыз.

Ойында алаң иелері ойыншылары орта есеппен алғанда әр 100 секунд сайын гол соғып отырған. Тіпті команда шабуылшыларының бірі 14 гол соққан.

Футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы - 149:0. 2002 жылы Мадагаскардағы "AS Adema" мен "Stade Olympique l’Emyrne" командалары арасындағы ойында тіркелген. Ал мұнша қалай соғылды дегенге келетін болсақ, "Stade Olympique l’Emyrne" ойыншылары өз қақпаларына голды бірінші минуттан бастап соға берген, соға берген. Себеп...

Мадагаскар чемпионы 4 команда өзара ойнап, ең көп ұпай жинағаны чемпион атанады. Жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда төреші "Stade Olympique l’Emyrne" қақпасына пенальти белгілейді. Ал бұл пенальти команданы чемпиондық атақтан айырады. Нәтижесінде төреші шешіміне наразы болған команданың бас жаттықтырушысы мен ойыншылар соңғы турда қарсылық ретінде өз қақпаларына гол соға беруді ұйғарған. Ал "AS Adema" ойыншылары болса, тарихи сәттің куәсі болумен ғана шектеліпті. Оған дейін футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы 36:0 болған екен. Ал бұл ойында орта есеппен 36 секунд сайын гол соғылған.

Иә, жоғарыда айта кеткеніміздей, футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы – 149:0. Ал Бразилиядағы қыздар ойыны екінші нәтиже болып тарихқа енуі бек мүмкін.

Н. Үсенова