Футбол тарихындағы үздік сұрмергендер

Футбол тарихындағы үздік сұрмергендер
Фото: AS English

Футболдың сиқыры – қақпада тулаған добында. Аладопты серік еткен әрбір жеткіншек гол соғуды, өскенде шабуылшы болуды армандайтын еді. Алайда шеберлікпен қатар табиғатынан дарындылары ғана шабуыл шебіне аттанып, командасын алға жетелейтін. Футбол тарихында аз ғана мансабында голды қарша боратып соққан шабуылшылар да, ширек ғасыр ойнап, добының санын көбейткендер де бар. Осы бір сәтте Massaget ресми деректерге сүйене отырып, аладоп тарихындағы үздік 10 сұрмергенді тізбектеп шықты.

Тулио Маравилья – 575 гол 

Мансабын сонау 1988 жылы "Гояс" клубында бастаған Тулио Маравилья 500-ден астам гол соққан. 27 жылға созылған футболшы мансабында 40-тан астам команда ауыстырған екен. Дегенмен олардың басым бөлігі бразилиялық клубтар болды. Еуропа тек Швейцарияның "Сьон" және Венгрияның "Уйпешт" командаларын атап өтуге болады. Бас-аяғы 575 голдың авторы атанған Тулио Маравилья футбол тарихындағы үздік сұрмергендердің тізімінде 10-шы орынға жайғасқан.

Уве Зеелер – 575 гол 

Неміс футболшысы Уве Зеелер өзінің туған командасы "Гамбургке" адал болған. 1953 жылы кәсіпқой футболға қадам басқаннан 1972 жылға дейін "Гамбургтың" сапында доп тепті. Сондай-ақ Германия құрамасымен төрт бірдей әлем чемпионатына қатысқан. Сұрмерген 1960 жылы "Алтын допқа" үміткер болып, дауыс беруде үшінші орын алды. 

Ференц Деак – 576 гол 

Футболшы ғұмырын тек бір чемпионатта өткізген Ференц Деак ресми гол саны бойынша Уве Зеелерден біреуге артық соққан. Венгрияның "Ференцварош" және "Дожа" секілді белді командаларында рекордтық матч ойнап, көзге түскен. Оған қоса Венгрия құрамасының жейдесін 20 матчта алаңға шығып, 29 голдың авторы атанған. 

Лионель Месси – 698 гол 

Әлемнің дәл қазіргі сәттегі үздік футболшыларының бірі. Бес бірдей "Алтын доптың" иегерінің жасы 30-дан асса да шабуылшы үшін әлі тың. "Барселонаның" жейдесінде алғаш алаңға шыққан сәттен бастап 698 гол соғыпты. Бұл басты бәсекелесі Криштиану Роналдудан 8 голға аз. 

Криштиану Роналду – 707 гол 

Криштиану Роналду туралы көп жазудың қажеті шамалы. Футболдан кішкене хабары бар адамдардың өзі Роналдудың танитыны анық. Гол соққанды ұнататын португалиялық сұрмерген мансабында 707 гол соғып, өзі ойнаған клубтары мен ұлттық құрамасының жеңіске жетуіне себепкер болды. Чемпиондар лигасында бес мәрте топ жарды, оған қоса Португалия құрамасының ЕУРО-2016 турнирінде жеңіске жетеуіне бірден-бір күш салған осы - Роналду.

Герд Мюллер – 735 гол 

Осы қатысқан барлық турнирде сұрмергер атанған Герд Мюллер футболшы мансабының жарты ғұмырын "Баварияға" арнаған. Мюнхендік командамен Чемпиондар лигасында, Кубок Кубогында және Құрлықаралық кубокта топ жарған. Үздік ойыны үшін "Алтын доп" және "Алтын бутсымен" марапатталды. Сондай-ақ Германия құрамасының сапында әлем және Еуропа чемпионы атанды.

Ференц Пушкаш – 746 гол 

Даңқты венгриялық шабуылшы "Реалдың" нағыз аңызына айналған. Корольдік командамен Еуропа чемпиондары Кубогын үшін мәрте жеңіп алды. 1952 жылғы Олимпиаданың алтыны мен 1954 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанжығысына байлады. Ол кездері Пушкаштың соққан барлық голы есепке алынбағаны анық. Дегенмен оның жүлделері жанкүйерлердің жадынан кетпейтіні анық. Пушкаш ресми ойнаған 754 матчында 746 гол соғып, нағыз шабуылшының қандай болатынын дәлелдеп кеткен.

Пеле – 767 гол 

Футбол аңызы Пеле "Сантостың" сапында бар белесін бағындырған. Ресми емес матчтарда соққан голдарын қоса есептегенде бразилиялық футболшы бұл тізімде бірінші тұратыны анық еді. Жеке бас жүлделерінен бөлек Пеле әлем чемпионатының кубогын үш мәрте жеңіп, рекорд орнатқан.

Ромарио – 772 гол 

Бразилияда көзге түсіп, артынша Еуропаға жол тартқан Ромарионың мансабы керемет өтті деуге келеді. Алдымен ПСВ-да, артынша "Барселонада" доп тепкен ол бас-аяғы 772 голдың авторы атанған екен.

Йозеф Бицан – 805 гол 

Ресми деректер бойынша футбол тарихындағы ең үздік сұрмерген - Йозеф Бицан. Даңқты шабуылшы 1930 жылдан 1955 жылға дейін 805 гол соққан екен. Австрия мен Чехословакияда ойнаған Йозеф Бицан екі елдің де ұлттық құрамасының жейдесінде доп тепті. 

А. Рысдәулет