Өз криптовалютасын шығарған алғашқы спортшы

Өз криптовалютасын шығарған алғашқы спортшы
Фото: Cointelegraph

Филиппиндік боксшы, жартылай орта салмақта WBA (Super) чемпионы Мэнни Пакьяо өзінің криптовалютасын жасап шығарды. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді.

Даңқты боксшы криптовалютасына Рас (Пэк) атауын берген. Жанкүйерлер боксшы бейнеленген фирмалық тауарларды сатып ала алады, оған қоса ақылы ғаламтор жүйелеріне жазылу мүмкіндігі бар. Рас криптовалютасына мансабын аяқтаған футболшы Майкл Оуэн мен Біріккен Араб Әмірлігін билеуші әулет мүшесі, шейх Халид Заид Әл Нахайян инвестиция жасаған. 

Бір айта кетерлігі, Мэнни Пакьяо – өзінің жеке криптовалютасын шығарған алғашқы спортшы. Болашақта теннисші Каролина Возняцки, футболшы Майкл Оуэн де криптовалютасын жасауды қолға алмақ.

Жалпы, бұл  криптовалютаның спортта алғаш кездесуі емес. Өткен жылы Италия С Сериясындағы "Римини" командасы акцияларының бір бөлігі "сары алтында" сатылған бірінші футбол клубы болып тарихқа енді.

Forbes-тің мәліметінше, Quantocoin компаниясы клубтың 25 пайыз үлесін санды ақшаларда сатып алған. Бұл клуб соңғы 25 жылда 3 рет банкрот деп жарияланған еді. Өткен маусымда ол D Сериясының чемпионы болып бір саты жоғарылаған.

Quantocoin компаниясының акционерлерінің бірі Пабло Дананың айтуынша, криптовалютаның қолданылуы футболдағы жемқорлық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

А. Рысдәулет