Месси "Барселонада" көргісі келетін футболшыларды атады

Месси "Барселонада" көргісі келетін футболшыларды атады
Фото: Reuters

Каталондық "Барселонаның" көшбасшысы Лионель Месси командасында көргісі келетін футболшылардың тізімін жасады. Футболшы алдағы трансфер кезінде осы ойыншыларды сатып алуын өтінген, - деп жазады Don Balon.

Аргентиналық футболшы осы жазда команда үшін бір қақпашы, форвард және орталық қорғаушы қажет деп клуб басшылығына ой айтқан.

Команда көшбасшысы қақпаға қазіргі "Аякс" клубында ойнайтын Андре Онананы қайтаруды құп көрген. Ол бұрыннан-ақ клуб қарамағындағы ойыншылардың бірі. Ол Марк Андре тер Штегеннен кейінгі қақпашы болады.

Қорғаушылар арасында "Аякс" ойыншысы Маттейс Де Лигтке таңдау түскен. Форвард ойыншылар арасында Лука Йовичті ("Айнтрахт") немесе Ирвинг Лосаноны (ПСВ) сатып алуға болатыны жайлы ойын жеткізген.

Айта кетейік, осы маусымда "Барселона" уақытынан бұрын-ақ Испания чемпионы атанды. 34 гол, 15 нәтижелі пас берген ойыншы команданың чемпион атануына өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ каталондық клуб Чемпиондар лигасының жартылай финалында "Ливерпульмен" ойнауда. Бірінші ойында ағылшындық команданы 3:0 есебімен ұтты.

Н. Үсенова