Қазақ спортшысы суға батқан үнді азаматын құтқарып қалды

Қазақ спортшысы суға батқан үнді азаматын құтқарып қалды

Тайланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан аралас жекпе-жектен Азия чемпионатында қазақ спортшысы қаһарманға айналды. 

ММА спортынан Қазақстан құрамасының бапкері Баян Жанғаловтың айтуынша, Еламан Шалқымбеков бассейнде аяғы тартылып суға батып бара жатқан Үндістан спортшысын құтқарып қалған. Ел чемпионы ойланбастан суға секірген, тіпті, киімін шешіп үлгермеген көрінеді. Осылайша, Еламан үнді спортшысын аман алып қалды. Осыдан кейін қазақ спортшысы Азия чемпионатының нағыз жұлдызына айналған.

Айта кетейік, Азия құрлығының үздіктері бас қосқан чемпионатта 11 спортшымыз жартылай финалға өтті. Атап айтқанда, Әділхан Аязбаев, Дархан Өмірбеков, Дастан Амангелді, Олжас Молдағалиев, Еламан Шалқымбеков, Анатолий Золотых, Мәжит Сардаров, Неймат Асадов, Айдын Төлепбаев, Александр Вал, Мади Досмұхамедов және Александр Дя.

Батырымыз Еламан Шалқымбеков Бахрейннен келген Абдулманап Магомедовты жеңіп, финалға бір қадам жақындады. 

А. Рысдәулет