Әлемнің ең үздік футбол академиялары

Әлемнің ең үздік футбол академиялары

Кез келген футбол командасы қатарларын жас талантты ойыншылармен толықтырғысы келеді. Себебі жастар - команданың болашағы.

Алпауыт командалар жас талантты футболшылар үшін қыруар қаржы шығындауға дайын. Одан келер пайда да жоқ емес. Болашағы барын байқаса, кейінірек өзге командаға сатудың өзі клуб үшін тиімді. Ал кей командалардың ойыншы алуы үшін қаражаты жетпейді-ақ. Олар не істейді? Өз академиясының түлектеріне жол ашады. Олай болса әлемнің ең үздік футбол академияларына аз-кем тоқтала кетейік.

"Барселона" (Испания)

Барселонадағы балалардың бір арманы - қала командасының академиясына оқуға түсу. Ал оған түскеннен кейін команданың негізгі құрамына ілігу. 2012 жылы команда бір ойынға тек өз академиясының 11 ойыншысымен алаңға шықты. Бұл жоғары - жетістік. Соңғы жылдары академиядан жас талантты ойыншылар көп шықпағанмен, беделі төмендеген емес. Себебі бұл мектептен Хави, Иньеста, Фабрегас, Пуйоль сынды футболшылар түлеп ұшты. Ал Мессидің жөні бір бөлек.

"Аякс" (Нидерланд)

Әлемдегі ең танымал футбол академияларының бірі - "Аякс" командасына тиесілі. Нидерландылық команданың тарихы да бай. Әлем таныған талай футболшылар осы академиядан шыққан.

"Аякс" ХХ ғасырдың екінші ширегінде Еуропадағы ең үздік командалар қатарында болды. Чемпиондар кубогы (қазіргі Чемпиондар лигасы) жарысында 4 рет топ жарды. Бұл жетістікке өз академиясынан шыққан ойыншылардың еңбегі сіңді.

Қазіргі таңда команда Еуропаның ірі жарыстарында топ жарып жүрген жоқ. Әйткенмен биыл Чемпиондар лигасында "Реалды" жарыс жолынан шығарып, сенсация жасады. Ал команданың қазіргі талантты ойыншыларына танымал коммандалар "құда түсіп" үлгерді.

"Аякс" академиясы - Еуропадағы талантты ойыншылардың ордасы деп бағаланады. Трансфер кезеңінде бұл команда байып қалатыны да жасырын емес.

"Сантос" (Бразилия)

Бразилияның "Сантос" футбол академиясы да жас таланттардың бағын ашуда көштен қалған емес. Футбол патшасы Пеленің өзі осы мектепте тәлім алған. Ал қазіргі Неймар футбол әліппесін "Сантоста" үйренген.

Бразилиялық команда негізгі құрам үшін алаңдамасы анық. Себебі академияда талантты ойыншылары жетерлік.

"Спортинг" (Португалия)

Португалияда бір-біріне бәсекелес командалар аса көп емес. Соңғы 10 жылда 3-4 команда ғана тайталасып келеді. Турнир кестесінде ғана емес, шәкір тәрбиелеу ісінде де. Дегенмен "Спортингтің" академиясы бір қадам алда саналады. Фигу, Куарежма, Нани, Моутинью мен Роналду сынды ойыншылар осы академияда тәлім алған.

"Манчестер Юнайтед" (Англия)

"Қызыл сойқандардың" академиясы да айрықша таланттарды шығарған орда. Әлі күнге дейін көп командалар бұл команданың мектебіне көз тігеді.

Ағылшындардың аты аңызға айналған ойыншылары Бобби Чарльтон мен Джордж Бест "Манчестер Юнайтед" академиясынан шыққан. Дэвид Бекхэм, Пол Скоулз бен ағайынды Невиллдерді де әлем манкуниандық команда арқылы таныды.

"Бавария" (Германия)

Мюнхендік команда - Германиядағы көшбасшы ұжым. Академиясы да бәсекелестеріне ат оздырған емес. Инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамыған. Шәкірт тәрбиелейтін кәсіби мамандары жеткілікті. Бұл академиядан Германия құрамасын өрге сүйреген Румменигге, Беккенбауэр, кейіннен Швайнштайгер, Кросс, Мюллер сынды ойыншылар шықты.

"Сан-Паулу" (Бразилия)

"Сан-Паулу" клубының академиясы дамыған орталық іспетті. Шағын қалаларда футболды бастаған жас жеткіншектер көзге түссе, осы академияға келеді. Негізінен Бразилияның табиғи климаты нағыз футболға арналған десек те болады. Күн жылы болатындықтан жыл бойы доп теуіп, шеберлігіңді арттыруға болады.

Бұл академиядан шыққан танымал футболшылар қатарында Кафу, Кака, Оскар сынды футболшылар бар.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар