Мейвезер жыл соңында аралас жекпе-жектегі алғашқы кездесуін өткізеді

Мейвезер жыл соңында аралас жекпе-жектегі алғашқы кездесуін өткізеді
Фото: vk.com

Әйгілі америкалық кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезер аралас жекпе-жекте өз бағын сынап көрмек. Алғашқы қарсыласы да анықталып үлгерді, - деп жазады ESPN.

41 жастағы спортшы ММА спортындағы алғашқы жекпе-жегін 31 желтоқсан күні Сайтамада (Жапония) өткізеді. Қарсыласы - 20 жастағы жапон спортшысы Тенсин Нацукава. Rizin турнирі аясындағы жекпе-жек 37 мың жанкүйер сыятын Saitama Super Arena кешенінде өтеді.

Money деген лақап атпен танылған Флойд Мейвезер кәсіпқой бокста 50 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Соңғы рет 2017 жылы UFC жұлдызы Конор МакГрегормен жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Тенсин Нацукава болса аралас жекпе-жекте төрт рет октагонға шығып, төрт ретте де қарсыласын жеңіп шыққан.

Америкалық спортшының аралас жекпе-жектегі алғашқы кездесуі қандай салмақ дәрежесінде өтетіні белгісіз. Қос тарап бұл жайында келіссөз жүргізіп жатыр екен. 

- Біз ешкім әлі көрмеген жекпе-жек өткіземіз. Қандай салмақ дәрежесінде өтетіні маңызды емес. Маған өзге спорт мықтысын жеңу маңызды. Біздің жекпе-жектен көрермендер нағыз ләззәт алатын болады, - деді Мейвезер баспасөз жиыны кезінде. 

Флойд Мейвезер UFC чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедовпен шаршы алаңда жұдырықтасуға ниет танытқан болатын. Алайда UFC президенті Дана Уайт бұл жекпе-жек ММА спортының ережесі бойынша өтетін болса, ұйымдастыруға дайын екенін айтқан еді.

Ө. Сансызбай