15 жыл өз алаңында ұтылмаған Испания құрамасы Англияға есе жіберді

15 жыл өз алаңында ұтылмаған Испания құрамасы Англияға есе жіберді
Фото: ESPN.com

Футболдан Ұлттар лигасы ойындары жалғасуда. Испания құрамасы түнде Севильяда Англиямен кездесіп, қонақтарға 3 ұпай ұстатты. Ағылшындар 3:2 есебімен жеңіске жетті.

"А" лигасының төртінші тобындағы бұл ойынды жанкүйерлер асыға күткені рас. Екі команда да тартысты ойын көрсетіп, бұл үддеден шықты деуге негіз бар. Себебі бірінші таймдағы алма-кезек шабуыл мен екінші таймдағы испандықтардың алға ұмтыла түсуінің нәтижесінде барлығы 5 гол соғылды.

Англия құрамасы сапында Рахим Стерлинг дубль жасады. Бір голды Маркус Рэшфорд соқты. Ал "қызыл фурия" қатарынан Пако Алькасар мен Серхио Рамостың бағыттаған доптарын қақпашы Пикфорд қайтара алмады.

Испания құрамасы өз алаңындағы ресми ойындарда 15 жылдан бері ұтылмаған екен. Соңғы рет 2003 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында гректерге (0:1) жол берген. Одан бергі аралықта 38 ойын өткізіп, тек 4-де ғана тең түскен. 34 ойында жеңіске жеткен.

Луис Энрике жаттықтыратын құрама жеңіліс тапқанмен топта бірінші орында келеді. Келесі ойынын 15 қараша күні сырт алаңда Хорватияға қарсы өткізеді.

"A" лигасы

Екінші топ

Исландия – Швейцария – 1:2 
Гол соққандар: Финнбогасон, 81 – Сеферович, 52, Ланг, 67

Турнир кестесі: Швейцария – 6 ұпай, Бельгия – 6 (2ойын), Исландия – 0.

"B" лигасы

Үшінші топ

Босния және Герцеговина – Солтүстік Ирландия – 2:0
Гол соққан: Джеко, 27, 73

Турнир кестесі: Босния – 9, Австрия – 3 (2 ойын), Солтүстік Ирландия – 0.

"C" лигасы

Екінші группа 

Эстония – Венгрия – 3:3 
Гол соққандар: Лутс, 20, Пик, 70, Аньер, 79 – Надь, 24, Салаи, 54, 81

Финляндия – Грекия – 2:0
Гол соққандар: Сойри, 46, Камара, 89

Турнир кестесі: Финляндия – 12, Грекия – 6, Венгрия – 4, Эстония – 1. 

"D" лигасы 

Екінші топ

Беларусь – Молдова – 0:0

Люксембург – Сан-Марино – 3:0
Гол соққандар: Тюрпель, 4, Синани, 65, Тиль, 73
Алаңнан қуылды – Гасперони, 54 (Сан-Марино)

Турнир кестесі: Люксембург – 9, Беларусь – 8, Молдова – 5, Сан-Маринօ – 0.

Ө. Сансызбай