Бразилияға жеңілмеген жалғыз құрама

Бразилияға жеңілмеген жалғыз құрама
Фото: reddit.com

Әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасы қай уақытта да өте мықты футболшыларға, әдемі ойын өрнегіне ие. Футбол тарихында бұл құрама 1958, 1962, 1970, 1994, 2002 жылдары әлем чемпионы атанды, 8 рет Америка кубогын иеленіп, 4 дүркін Конфедерация кубогының чемпиондары атанған.

Бебето, Гарринча, Джалма Сантос, Диди, Жилмар, Жулиньо, Зизиньо, Зико, Нилтон Сантос, Пеле, Ривалдо, Роберто Карлос, Ромарио, Роналдиньо, Роналдо, Кафу, Клаудио Таффарел сияқты даңқты футболшылар ойнаған бұл құраманың ұтпаған командасы жоқтай көрінер, бірақ бразилиялықтар ұта алмай жүрген жалғыз құрама бар екен. Ол – Норвегия құрамасы. Екі құрама 4 рет кездесіпті, 2 рет Норвегия жеңіске жетсе, 2 рет тең ойын болған. Командалар 3 рет жолдастық кездесу өткізіп, бір рет 1998 жылы Францияда өткен Әлем Чемпионатында кездескен. Қос құрама арасындағы соңғы ойын 2006 жылы өтіпті. Осылайша, норвегтер әлемнің азулы құрамасына тойтарыс беріп келеді.

Massaget.kz