Еуропаның ең үздік футбол командалары

Еуропаның ең үздік футбол командалары
Фото: gracenote.com

Танымал "Gracenote" статистикалық агентігі 2017/2018 жылғы футбол маусымы қорытындысы бойынша Еуропаның ең үздік футбол командаларының рейтингін жариялады. Бұл тізімде қазақстандық клубтар да бар.

Еуропадағы футбол маусымы аяқталды. Әр чемпионаттың жеңімпаздары анықталып, үздіктері марапатталды. Маусым нәтижесін назарға алған статистикалық агенттік үздіктерді анықтап үлгерді.

"Gracenote" рейтингі команданың маусымдағы ұпай көрсеткіші (жинаған және жоғалтқан) сай түзіледі. Оның ішінде ішкі біріншілік пен халықаралық жарыстардағы, еурокубок ойындарындағы нәтижелері назарға алынады. Сондай-ақ еурокубокта командалары сәтті бақ сынап келе жатқан лига ұжымдарына қосымша ұпайлар беріледі.

Биылғы рейтинг қорытындысы бойынша "Барселона" футбол клубы маусымның ең үздік командасы атанды. Каталондық команданың аяқталған маусымдағы нәтижелері 4333 ұпайға ие болған. "Блауграна" өткен жылы да көш басында болған еді.

Чемпиондар лигасын ұтқан "Реал Мадрид" екінші орыннан көрінді. Олардың нәтижелері 4190 ұпаймен бағаланған. Үздік үштікте "Бавария" (4052 ұпай) тұр. Өткен жылғымен салыстырғанда алғашқы ондықта бір ғана өзгеріс болған. "Наполи" мен "Тоттенхэм" өзара орын алмасқан.

Үздік ондық:

1. "Барселона" (Испания) – 4333 ұпай
2. "Реал Мадрид" (Испания) – 4190 
3. "Бавария" (Германия) – 4052
4. "Ювентус" (Италия) – 4036
5. "Манчестер Сити" (Англия) – 3852
6. "ПСЖ" (Франция) – 3849
7. "Атлетико Мадрид" (Испания) – 3798
8. "Наполи" (Италия) – 3542
9. "Тоттенхэм" (Англия) – 3540
10. "Манчестер Юнайтед" (Англия) – 3528

Қазақстандық клубтар арасында "Астана" алда тұр. Елордалық ұжым 10 саты төмендеп, 158-орынға тұрақтаған. Маусымдағы нәтижелері 2084 ұпаймен бағаланған. "Қайрат" – 183, "Ордабасы" – 372, "Тобыл" 379-орында тұр. Жалпы рейтингте 707 команда бар.

Ө. Сансызбай