30 жыл ажал түрмесінде өлмеген – Энтони Рэй Хинтон

30 жыл ажал түрмесінде өлмеген –  Энтони Рэй Хинтон
Фото: gofundme.com

Афроамерикалық Энтони Рэй Хинтон өзі қатыспаған қылмыстық іске байланысты 30 жыл өлімін күтті. Ол осындай ұзақ уақыт барысында жынданып кетпеді, адамдарды кінәламады, бәрінен теріс айналмады, қысқасын айтқанда өнер мен сұлулыққа деген ынтасының арқасында жүрегін кірлетпеді. Керісінше өлімге үкім етілетіндер отыратын түрмеде, ажалдың исі шығып тұратын жерде әдебиетшілер үйірмесін ашады...

1985 жылы Американың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында «Mrs Winner's» ресторанында атыс болып, іс басқарушы Джон Дэвидсон қайтыс болады. Бұл жерде жиі атыс болып тұратын, Дэвидсон болса сондай кезекті жанжалдың құрбаны еді. Қылмыс орнында 38 калибрлі револьвер оғынан басқа із қалмаған. Ал, заң орнындағыларға біреуді айыпты етуі керек болған. Тергеушілерге бірнеше қылмысты бөлек қарастырғаннан, сол күнгі қылмысқа байланысты бір адамды ұстап, барлық қылмыстық істі соның мойнына аудара салу оңай болды. Мейрамханада қуырылған шөже пісірілетін. Демек, қара нәсілдінің ісі деген ұйғарымға келген із кесушілер мейрамхана маңында тұратын 29 жастағы Энтонтониді айыпты деп табады. Сәйкестік пе, әлде қолдан ұйымдастырды ма белгісіз, полиция қызметкері оның үйінен  38 калибрлі тапанша тауып алады.

Тергеуші қара нәсілділерді жек көретін, тіпті сол үшін түрмеге барып келген болып шығады. Ол Энтониге ақ қағаз беріп, оған қол қоюды сұрайды. Қарсылық білдірген айыпталушыны күш қолданып, қағазға қол қойғызуға мәжбүрлейді. Ертеңіне қол қойылған қағазда Энтони Рэй Хинтон өз айыбын мойындаған мәтін жазылып тұрады. Энтонидің қорғаущы жалдауға ақшасы болмайды, ең арзан қорғаушы, әрине, Энтониді қорғай алмайды. Нәтижесінде, оған өлім жазасы кесіледі.

Түрмедегі алғашқы бірнеше жыл Энтониге өте ауыр болды. Ол күнде тек, прокурор Боб МакГрегорді өлтіруді ойлады. Оған тек, үміт, сот қателесіп кеткені және жақын күндері бостандыққа шығамын деген үміт сәулесі ғана анда-санда санасында жылт етіп әлсіз шуағын төгіп қойып күш берді.

Уақыт өткен сайын ол басқа қылмыскерлермен сөйлесе бастады. Олар мүлде басқа, қылмыстық істерін мақтан етіп бір-бірімен әзілдеседі. Ажал исі шығып тұрған түрмеде болашақтан үмітсіз түрде тірлік кешіп жатты. Энтони ащы өмір ақиқаттарын, түрмедегі түнде ажал елесі кезіп жүретін дәлізді, ертең электрлі орындыққа отырғызатын қылмыскердің түнімен шығып тұратын зарлы даусын ұмытуға және тәтті қиялдармен өмір сүруге тырысты. Ол қиялында атақты актриса Сандра Буллокке үйленіп алады. Ұлыбритания ханшайымымен күнде бірге отырып шай ішеді. Адам қиялына шектеу бар ма? Өзі түрмеде отырып қиялымен әлемді шарлап кетеді. Бұл әрекетін қасындағы қылмыскерлерге де үйретуге үндейді. Сол үшін түрмеге 2 кітап алдыруға түрме басшыларын көндіреді.

Алғашында бәрі қиын болды. Түрмедегілер өмірінде кітап бетін ашпақ түгіл, мектепте дұрыс оқымаған, тіпті кейбірі, мектепті де бітірмеген адамдар болатын. Энтонидің ұзақ еңбегінің арқасында ол жердегілер ақырындап кітапқа бой үйрете бастайды. Бірнеше жылда 1-2 қабаттағы қылмыскерлер түгелдей кітап оқитын дәрежеге жетеді. Бір жаманы Энтонидің достары жиі ауысып тұратын. Себебі, бұл жерге өлім жазасына кесілгендер ғана келетін. Энтони ғана өзінің даулы ісінің бітпегеніне байланысты өз өлімін күтіп ұзақ тұрақтайды. Оның әдеби үйірмесіне келгендер біраз уақыт өткесін үйіндегілерден кітап жіберуді сұрай бастаған екен.

Арада 10 жыл өткесін ғана оның ісінің беті бері қарап, сол кездері қорғаушы Брайан Стивенсон құрған  «Equal Justice Initiative» ұйымының назарына ілінеді. Олар қылмыс мүлде басқа тапаншадан орындалғанын дәлелдейді. Бірақ прокурор қатені мойындағысы келмейді. Сот бұл іске байланысты шешім қабылдауға екі жарым жыл уақыт жұмсайды.

Соңында, Алабамадағы бұл іс жоғары сотқа өтеді...

2015 жылы Энтониді бостандыққа шығарады. Есік алдында оны туған-туыстары мен бірнеше журналист күтіп алады. Көз жасы көл болған Энтони дүйім жұрқа қарап тұрып: «Олар бар-жоғы тапаншаны тексеріп көруі керек болған екен» – деп қалжыңдайды.

"Аузы күйген үрлеп ішеді" дегендей қазіргі күнде Энтони көшеге шығып жатып, көзге түсуге, камералар бар жермен жүруге, көше бойындағы сатушылармен әңгіме-дүкен құруға және телефонмен бірнеше адаммен сөйлесуге тырысады.

«Маған телефон қоңырауы арқылы қай жерде тұрғанымды анықтауға болатынын айтты. Егер, мені тағы бір қылмыстық істе айыптап жатса, телефон қоңыраулары маған дәлел ретінде керек болады»,– дейді Энтони Рэй Хинтон.

30 жылдық азапты өмірінде, ажал түрмесінде оған әдебиет пен өнер ғана көмектескенін айтады. Ол әлі күнге дейін ағылшын ханшайымымен шай ішіп, актриса Сандра Буллокке үйленуді армандайды.

Т. Раушанұлы