"Астана" футбол клубы сапында гол соққан ең жас ойыншылар

"Астана" футбол клубы сапында гол соққан ең жас ойыншылар
Фото: "Астана" ФК, Kazfootball

"Астана" футбол клубы ҚР кубогы жолындағы жарысты ерте аяқтады. Кеше елордалық ұжым Жетісайда "Мақтаралмен" кездесіп, 3:1 есебімен ұтылды.

Григорий Бабаян Жетісайдағы ойынға жас футболшыларды жіберді. Негізгі құрамнан ешкімді қосқан жоқ. Алайда елордалық жас таланттардың "Мақтаралдың" тәжірибелі ойыншыларына шамасы жетпеді. Ойын соңына қарай бір гол соғып, жарысты аяқтап қайтты.

"Астананың" ойындағы голын Владислав Прокопенко соқты. Нәтижесінде команда қатарында гол соққан ең жас ойыншылар тізімінде екінші орынға шықты. Ол 17 жасында (17 жас, 8 ай, 17 күн) гол соғып көзге түсті. 

Елордалық команда сапында гол соққан ең жас ойыншы – Абзал Бейсебеков. Ол 2009 жылы "Астана" жейдесін киіп алаңға шығып, мергендігімен көзге түскенде небәрі 16 жаста (16 жыл, 5 ай, 10 күн) болған.

Қазір Шымкенттің "Ордабасы" командасы сапында ойнап жүрген шабуылшы Сергей Хижниченко да "Астана" командасында гол соққан жас ойыншылардың бірі. Ол 2010 жылы "Шахтер" қақпасына гол соққанда 18 жаста (18 жыл, 9 ай, 3 күн) болған екен.

"Астанада" ойнап жүргенде гол соғып, команда тарихында қалған ойыншылардың бірі – Дамир Даутов. Ол 2009 жылы гол соққанда 19 жаста (19 жыл, 4 ай, 12 күн) болған. Қорғаушы қазір "Ордабасыда" ойнап жүр.

Гол соққан ең жас ойыншылар бестігін Патрик Твумаси түйіндейді. Ол "Астанаға" алғаш 2013 жылы Юрмаланың "Спартак" командасынан уақытша ойнауға ауысып келді. Қыркүйек айында алғашқы голын соқты. Ол кезде ганалық ойыншы 19 жаста (19 жыл, 4 ай, 5 күн) еді.

О. Сансызбай