Мәреге 54 жылдан кейін жеткен марафоншы

Мәреге 54 жылдан кейін жеткен марафоншы
Фото: watson.ch

Спорт әлемі тарихында қызықты оқиғалар көп. Кейбірін ақылға қонымсыз санасаң, кейбіріне шын таңданасың. Сондай оқиғалардың бірі марафоншы Синдзо Канакури есімімен тікелей байланысты.

1912 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Стокгольмде (Швеция) өтеді. Жер жаһанның кіл мықты спортшылары Скандинавия түбегіне ағыла бастайды. Жапонияда ұлттық іріктеуден сүрінбей өткен марафоншы Синдзо Канакури де швед жерін бетке алады. Алдымен кеме, одан кейін пойыз арқылы 18 күн дегенде Стокгольмге де жетеді. Ұзақ жолдан шаршаған спортшыға бабына келу үшін 5 күн қажет болады.

Жарыс күні ауа райы аптап болып, температура 25 градустан асады. Марафонға қатысушылардың тең жартысы ыстық өтіп, жарысты аяқтай алмайды. Ал Синдзо Канакури болса жарты жолда есінен танып құлайды. Себебі ол жергілікті мекеннің тағамына да үйренісе алмаған еді. Жапон спортшысының бағына қарай, фермерлер оның өмірін құтқарып қалады.

Осы бір сәтсіздігі мен жеңілісінен жігері құм болған Синдзо жарыс ұйымдастырушыларына ләм-мим деместен еліне қайтып кетеді. Ал швед билігі болса оны елде жоғалған жандар қатарына қосады.

Синдзо Канакури Жапонияға келген соң қайтадан жарыстарға дайындала бастайды. 1916 жылғы Олимпиадаға қатысуға да мүмкіндік алады. Алайда бұл дода Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты ұйымдастырылмайды. 25 жастағы марафоншы мұнымен де мансабын аяқтамайды. 1920 жылы Антверпендегі (Бельгия) марафонға қатысып, 16-орын алады. Ал 1924 жылғы Париж Олимпиадасында мәреге жете алмай, жарысты аяқтайды.

1967 жылы жоғалған жапон марафоншысын тапқан швед телеарнасы 1912 жылғы Олимпиададағы жарысын аяқтау жайлы ұсыныс жасайды. Синндзо келісімін беріп, 54 жыл, 8 ай, 6 күн, 5 сағат, 32 минут, 20,3 секундтан кейін барып Стокгольм марафонының мәре сызығын кеседі. Осы бір тарихи оқиғадан кейін спортшы: "Бұл – өте ұзақ саяхат болды. Жолда мен шаңырақ көтеріп, 6 балам мен 10 немерем дүниеге келді" - сұхбат береді.

Бүгінде күншығыс елі Синдзо Канакуриді "жапон марафонының әкесі" деп атайды. Ол 1983 жылы туған жері Кумамотода (Жапония) дүниеден озды (92 жасында).

2012 жылы Синдзо Канакуридің шөбересі Йошаки Курадо Стокгольм марафонына қатысады. Қатысқанда да бабасы тоқтаған швед фермері әулетінің үйіне арнайы тоқтап, тарихи оқиғаны ерекше атап өтеді. 

P.S ХХ ғасыр басы Олимпиада ойындары жанданып келе жатқан кез. Ал марафон спорты төртжылдықтың басты додасынан бірде-бір рет шет қалған емес. Тек бастапқыда әйелдер қатыстырылған жоқ. Себебі нәзік жанды арулардың денсаулығына баса мән беріп, рұқсат етпеген. Әйелдер 1984 жылдан бастап қана Олимпиадаға қатыса бастады.

Тағы бір қызықты оқиғаны айта кетер болсақ, 1900 жылы Парижде өткен Олимпиадаға 30 марафоншы қатысқан. Оның 7-і ғана мәреге жетіпті. Қалған қатысушылар жолдан адасып кеткен.

Н. Үсенова