Швед спортшысы Олимпиада чемпионы атанғаны үшін 10 мың еуро сыйақы алады

Швед спортшысы Олимпиада чемпионы атанғаны үшін 10 мың еуро сыйақы алады
Фото: Reuters©

Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында биатлоннан 15 шақырымдық жекелей сында топ жарған швед спортшысы Ханна Эберг мемлекет тарапынан 10 мың еуроға жуық сыйақы алады.

Швед биатлоншысы Олимпиада чемпионы атанады деп болжағандар аз еді. Әйтсе де Ханна Эберг кеше 15 шақырымдық жекелей сында үздік шықты. Олимпиада чемпионы атанып, сенсация жасады. Ал осындай жетістікті бағындырған спортшы аса қомақты сыйақы алмайды екен. Бұл жайында  Expressen басылымы жаза кетті.

- Ақшаны қайда жұмсаймын? Жазда сүйіктіммен қоныс аударғалы жатырмын. Енді ваннаға айрықша плитка сатып алатын боламын, - деген спортшы.

Сондай-ақ спортшы Әлем кубогына қатысқан швед спортшылары 5-7 мың еуро көлемінде сыйақы алатынын айтқан.

Айта кетейік, ҚР 2014 жылдың 19 желтоқсанындағы №1435 жарлығы бойынша Олимпиадада жеңімпаз атанған қазақстандық спортшы мен жаттықтырушысына 250 мың АҚШ доллары беріледі. Екінші орынға – 150 мың, үшінші орынға 75 мың доллар табысталады. Алтыншы орынға дейін сыйақы қарастырылған. 4-орын алған спортшы – 30 мың, 5-орын – 10 мың, 6-орын алса 5 мың АҚШ долларын алады.

Олимпиада ойындарындағы жетістігі үшін қазақстандық спортшыларды облыс әкімшілігі де үй немесе көлікпен марапаттайды.

Ө. Сансызбай