Неймар 2019 жылдың жазында "Реалға" ауысады – БАҚ

Неймар 2019 жылдың жазында "Реалға" ауысады – БАҚ
Фото: imperiya.by

Футбол тарихында ең қымбатқа бағаланған ойыншы болып "Барселонадан" (Испания) Париждің ПСЖ (Франция) клубына ауысқан Неймар 2019 жылдың жазында "Реал" сапын толықтыруы мүмкін. Бұл туралы батыстық басылымдар жазуда.

Испанияның Mundo Deportivo басылымы ақпараты бойынша бразилиялық шабуылшы Франция біріншілігінің деңгейінен көңілі қалып, Испания біріншілігіне ауысқысы келеді екен. "Реалдың" президенті Флорентино Перес 2013 жылы Неймар "Сантос" сапында ойнап жүрген кезінде сатып алғысы келген. Алайда алдын "Барселона" орап кеткен еді. Флорентино Перес Неймарды бір жыл күтуге дайын көрінеді.

"Реал" командасының басшысы Роналдудың орнын Неймар басқанын қалайды. Португалиялық футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт мерзімі 2021 жылы аяқталады. Испандық клуб оған дейін-ақ Неймарды өз қатарларынан көргісі келеді.

ПСЖ клубының басшылары да Неймарды командада ұзақ уақыт ұстап қалуды жоспарлап отырған жоқ. Бастысы - бразилиялық шабуылшы париждік клубқа Чемпиондар лигасын жеңуге көмектесіп, "Алтын допты" алса болғаны. Бұл – қазіргі клуб басшылығының жоспары.

Айта кетейік, бүгін түнде Чемпиондар лигасының 1/8 финалында "Реал" мен ПСЖ өзара алғашқы ойындарын өткізеді. Бұл ойында Неймар мадридтік клубқа қарсы алаңға шығады. 

Ө. Сансызбай