Алматының Орталық стадионы адам танымастай өзгере ме?

Алматының Орталық стадионы адам танымастай өзгере ме?
Фото: UCS

"Қайрат" футбол клубы өз алаңындағы ойындарын өткізетін Алматының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа заманауи талаптарға сай бой түзеуі мүмкін.

Орталық стадион 2016 жылы "Қайрат" клубының игілігіне берілген. Ал оған дейін клуб стадионды жылына 1,2 миллион доллар төлеп, жалға алып келген еді. Сол жылы клуб президенті Қайрат Боранбаев стадионның тек футбол ойынын өткізуге ғана арналуы мүмкін екені туралы тілге тиек еткен-ді. Содан бергі аралықта стадионның күрделі жөндеуден өтетіні айтылып келеді.

Алдағы уақытта орталық стадион 30 мың жанкүйер бір мезетте ойынды тамашалай алатындай болып кеңейтілуі мүмкін. Ал стадионның сыртқы көрінісі заманауи талаптарға сай сән түземек екен.

Қайрат Боранбаев таяуда Instagram желісінде келешекте "Қайраттың" стадионы қалай өзгеруі мүмкін екені көрсетілген бейнероликті жариялады. Оған "Қайрат" футбол клубының келешектегі стадионы" деп жазба қалдырған.

Алматының орталық стадионы 1958 жылы ашылған. Футбол мен жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп тұрады. Қазіргі таңда 23 804 орын бар. «Астана Арена» стадионы ашылғанға дейін ұлттық құрама да өз ойындарын осы стадионда өткізіп келген.

Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары қашан басталатыны жайлы ақпараттар жарияланған жоқ. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары басталған күннің өзінде қашанға дейін дайын болатыны да белгісіз.

О. Сансызбай