Месси "Барселонаның" "Камп Ноудағы" 4000-голын соқты

Месси "Барселонаның" "Камп Ноудағы" 4000-голын соқты
Фото: The Argus

"Барселона" Испания кубогы жарысының жартылай финалына шықты. "Эспаньолға" қарсы қарымта ойында команда көшбасшысы Лионель Месси "блаугрананың" "Камп Ноудағы" 4000-голын соқты.

Каталондық дербидің бірінші кездесуінде "Эспаньол "1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Түнде өткен қарымта кездесуде "Барселона" қарсыластарын 2:0 есебімен ұтты.

Ойындағы бірінші голды 9 минутта Луис Суарес соқты. 25 минутта Лионель Месси алаң иелерінің екінші голын соқты. Аргентиналық сұрмергеннің бұл нәтижесі – "Барселонаның" "Камп Ноудағы" (ресми ойындарындағы) 4000-шы голы болды.

"Эспаньолға" қарсы ойында жақында ғана "Ливерпульден" ауысып келген Филиппе Коутиньо алғашқы кездесуіне қатысты. Жартылай қорғаушы 68 минутта Андрес Иньестаны алмастырды.

Ө. Сансызбай