Каваниге пенальти тептірмеген Неймарды ПСЖ жанкүйерлері жақтырмай қалды

Каваниге пенальти тептірмеген Неймарды ПСЖ жанкүйерлері жақтырмай қалды
Фото: pbs.twimg.com

Футболдан Франция чемпионатының ХХІ тур ойындарында ПСЖ мен Дижон командалары кездесті. Париждік команда қарсыластарын ойсырата ұтты.

Алаң иелері 8:0 есебімен жеңіске жеткен ойында Неймар покер (төрт гол соқты) жасады. Бразилиялық футболшы төртінші голын пенальтиден соқты. Бұл тұста команданың жанкүйерлері Эдинсон Каванидің гол соққанын күткен. Алайда Неймар пенальти тебу мүмкіндігін уругвайлық ойыншыға ұсынбады. Жанкүйерлер бразилиялықтың бұл қылығын жақтырмай, "Кавани!", "Кавани!" деп айқайлады. Егер бұл пенальтиді Эдинсон орындап, гол соққан болса, ПСЖ клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанған болар еді.

Ойында Анхель Ди Мария – екі гол, Килиан Мбаппе мен Эдинсон Кавани бір-бір голдан соқты.

Айта кетейік, Неймар ПСЖ клубына ауысып келгенге дейін пенальтиді Эдинсон Кавани орындап келді. Қыркүйек айында Лионға қарсы ойында уругвайлық шабуылшы бразилиялыққа пенальти тебу мүмкіндігін берген жоқ. Кейіннен Неймар командаға талап қойып, пенальтиді тек өзі ғана тебу жайын айтқан. Нәтижесінде клуб Каваниге 1 миллион еуро ұсынып, пенальтиді Неймар тебеді деген тоқтамға келді деп жазған еді батыстық басылымдар.

О. Сансызбай