Ағылшын футболында алғаш рет видеоқайталаудан кейін гол есепке алынды

Ағылшын футболында алғаш рет видеоқайталаудан кейін гол есепке алынды
Фото: goal.com

Футболдан ағылшын кубогының 1/32 финалындағы "Лестер" мен "Флитвуд" командалары арасындағы қарымта ойында тарихи нәтиже тіркелді. Ағылшын футболында алғаш рет видеоқайталаудан кейін гол есепке алынды.

77 минутта "Лестер" шабуылшысы Келечи Ихеаначо гол соқты. Қапталдағы төреші футболшы ойыннан тыс қалды деп жалауын көтерді. Алайда бас төреші Джонатан Мосс видеоқайталаудағы көмекшісіне (VAR) жүгініп, голды есепке алды.

Ойында "Лестер" "Флитвуд" командасын 2:0 есебімен ұтіп, 1/16 финалға жолдама алды. Екі голды да Ихеаначо соқты.

Айта кетейік, осы жылы Ресейде өтетін әлем чемпионаты кезінде видеоқайталауды пайдалану жайы әлі өз шешімін тапқан жоқ.  Халықаралық футбол ассоциациялары одағы (IFAB) бұл ережені әлі талқылайтын болады. Видеоқайталауға байланысты футбол мамандарының кеңесі 22 қаңтар күні Цюрихте өтеді. Нақты шешім наурыз айында жарияланатын болады.

Ө. Сансызбай